Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді

Ақорда

Алаяқтық және есірткімен күрес күшейеді.

Бизнеске айналған қылмыстың тамырына балта шабу көзделіп отыр. Мемлекет басшысы синтетикалық зат өндіретін орындарды түбегейлі жою үшін батыл шаралар қабылдауды міндеттеді.

Президент бүгін Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жиілеп кеткен көлік апатына да тоқталды. Жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып жатырмыз деп апаттың себебіне үңілді.

 

Жаңа заң қабылданады

Азаматтар басына іс түскенде полицияға жүгінеді. Арызданады. Бірақ сол шағымдары шаң басып жатады. Не керек, құқық қорғау жүйесі бұл міндетті тиісті деңгейде атқара алмай отыр. Мемлекет басшысы алдымен осы мәселені реттеуді міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Азаматтар жылдар бойы талай мекеменің табалдырығын тоздырып, нақты жауап таппай, шындыққа қол жеткізе алмай жүр. Сондықтан менің тапсырмам бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірледі. Бұл құжат тергеушілердің және анықтаушылардың жұмысын жеңілдету үшін керек.

Елде соңғы 3 жылда көлік апаты көбейді. 9%-ке өскен. Салдарынан 6,5 мың азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Мәселен, жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек биылдың өзінде 164 жол-көлік оқиғасы болған.

 

Көлік апаты көбейді

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Апаттардың көптігі жол қауіпсіздігі деңгейінің автомобильдер санының өсіміне сай келмейтінін көрсетеді. Бұл жол инфрақұрылымына да, оның қауіпсіздігіне жауап беретін қызметтердің жұмысын ұйымдастыруға да қатысты.

 

Қ. Тоқаев: Адамды азаптауға мүлдем жол берілмейді

Полиция қызметкері азаматты қорлайтын емес, қорғайтын тұлға болуға тиіс. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының қорғансыз адамдарды қорлағанын көз көріп, құлақ естіген. Енді мұндай бассыздыққа жол берілмейді. Мемлекет басшысы қатаң ескертті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс. Күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артады. Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек.

 

Есірткімен күрес күшейеді

Есірткімен күрес күшейеді. Жастарды бұзатын бір фактор болса, осы – нашақорлық. Тіпті бұл – мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін мәселе. Сондықтан ел аумағында синтетикалық есірткі өндіретін орындарды түбегейлі жою үшін батыл шаралар қабылданады.

 

Қажыларға қиянат жасаған компания жауапқа тартылады

Алқа мәжілісінде алаяқтық та айтылды. Ұзаққа бармайық, жақында туристік компания бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Сөйтіп, кінәсіз адамдарды Сауд Арабиясының полициясы қамаған. Мемлекет басшысы азаматтарымызға дереу көмек көрсетуге пәрмен берді. Ал кінәлілер жауапқа тартылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек.

 

Президент: Үздік қызметкерлерді қолдау қажет

Соңғы 3 жылда полицияда біраз өзгеріс болды. Бірнеше рет жалақы өсті. Тұрғын үй үшін берілетін ақыны алатын тәртіп сақшылары көбейді. Мемлекет басшысы ішкі істер органдарына қолдау көрсетіле береді деді.

Жұмыс жеңіл емес. Тұтас елдің тыныштығын қору осы азаматтардың мойнында.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тәртіп сақшыларының қызметі оңай емес. Күні-түні жұмыс істейтін кездер жиі болады. Қауіп-қатер де бар. Тәулік бойы, яғни 24 сағат бойы сақадай сай болу үшін ерекше қажыр-қайрат пен төзімділік қажет. Себебі қиын жағдайға тап болған жандар, ең алдымен, полициядан көмек күтеді. Офицерлердің арасында кәсіби білікті, антына адал азаматтар көп. Сондай қызметкерлер өзгелерге, әсіресе, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп жатыр. Осындай үздік қызметкерлерді қолдау қажет.

 

Полиция басшылары жастарға заңдарды түсіндіреді

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Бұдан былай полицияның жоғары деңгейдегі өкілдері университеттер мен мектеперге барады. Заңдарды жастарға түсіндіреді. Заң бұзудың салдарын көрсетеді. Мемлекет басшысының бүгін берген тағы бір тапсырмасы – осы.  Әйтпесе, кейбір жастар заңды білмейді. Ал бұл жауапкершіліктен босатпайды. Құқықтық сауатсыздықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Артур Горшняков, Құнанбай Қалдыбек.