Жамбыл облысындағы апат: 13 бағыттағы пойыздың қозғалысы тежелді
Шу ауданындағы шойын жолдағы апаттан соң 13 бағыттағы пойыздың қозғалысы тежелді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жолаушылар теміржол вокзалдарында жүр. Жергілікті билік жолда қалғандарға су таратып, төтеншеліктер тарапынан «жедел желі» іске қосылды.
Аспара станциясындағы апат түнгі сағат 2-лер шамасында болған. «Тараз-Шу» бағытындағы жүк пойызы рельстен шығып кеткен болатын. Жарақат алған вагон күзетшісі, ауруханаға жеткізілді. Апаттан 50 метр теміржол бүлініп, бірнеше электр бағаны зақымданды. Қазір оқиға орнында қалпына келтіруші 2 пойыз бен 30-дан аса қызметкер жұмыс істеп жатыр. Желілік полиция қылмыстық кодекстің 344-бабы бойынша іс қозғады.
Әнияш Қалабаева, жолаушы:
- Ақтөбеге жол жүріп бара жатырмыз. 3 сағатқа қарап кетті, жоқ қой әлі. Адам көп ішінде. Отыратын жер жоқ қой, мінекей. Ішке отырсаң, талып қалатын шығарсың.
Дидар Мүсретәлиев, «Тараз» вокзалының басшысы:
- Қонақ үйіміз бар. Алыс жол жүретін Ақтау, Ақтөбеге жүретін жолаушыларды тегін жатқызып жатырмыз. Ол жерде 30-40 адамдай жатыр. 1-2 қабаттағы күту залдарында отырған кісілер бар. 200-дің көлемінде адамдар отыр. 4 вагон деп айтылған. Үшеуі алынды, біреуі қалды деген. Бір сағаттың көлемінде жұмысты аяқтау керек.