Адам құқығын қорғауды күшейту үшін Мемлекет басшысы бес міндетті белгілеп берді
Құқық қорғау органдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.
Әйтпесе жұрттан арыз-шағым көбейген. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесті. Жиында Президент осы бағыттағы бірнеше міндетке тоқталды.
Адам құқығын қорғауды күшейту үшін Мемлекет басшысы бүгін бес міндетті белгілеп берді. Әуелгісі - құқық қорғау органдары мен құрылымдар алдын алу шараларына баса мән беруі керек. Әрі төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын жинауы қажет. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия реформаларға баға беру үшін түрлі сарапшыларды тартуға тиіс. Мұны бір деңіз. Екінші міндет - Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Азаматтар кейбір заңның және басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қажеттігіне назар аударуда. Яғни, Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек деген сөз. Бұл ретте жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет. Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн.
Конституциялық Сот хақында айтар болсақ, бұл Президент ұсынысымен құрылған институт. Жыл басында жұмысын бастады. Бұған дейін оның қызметін Конституциялық Кеңес атқарып келген. Бірақ ширек ғасыр ішінде кеңес бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған. Яғни жылына небәрі 5 мәселе ғана көтерілді деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Алғашқы нәтиже осындай. Жә. Президент атаған үшінші міндет бар. Бұл омбудсмен мен арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру. Енді Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруға тиіс. Ал уәкілдің міндеті азаматтардың мүддесі мен құқығын табанды түрде қорғау.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өкілдіктердің әкімдерге функционалды тұрғыда бағыныштылығын төмендету және Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді тағайындау кезінде Бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің рөлін күшейту маңызды. Жақында Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл жұмыста инклюзивтілікті дамытуға баса назар аудару керек. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігіне ие болуы қажет. Мысалы, Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған жерасты өткелі салынды. Бұған мүлде жол беруге болмайды.
Сот және құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдірген жөн. Әйтпесе азаматтардан арыз-шағымы көбейіп барады. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне жүгінеді. Шағымның дені сот, полиция және прокуратураның қызметіне қатысты. Бұл төрт. Бесінші мәселе - азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру әрі құқық қорғау институттарының жұмысын барынша ақпараттандыру.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет. Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады. Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Мемлекет басшысының айтып отырғаны - ауыл тұрғындары көбіне жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Енді омбудсмен өкілдіктері өңірлерде құқықтық сауаттылықты арттыруға күш салуы керек. Әрі аймақтағы ағайын құқық қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алуға тиіс. Сол кезде жұрт атқарылған шаруаға бағасын бере алады. Мемлекет басшысы мұны Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам деді.
Қорған Қонысбайұлы