Мемлекет басшысы әскер әлеуетімен танысты
Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз.
Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында «Батыл тойтарыс» әскери оқу-жаттығуына қатысып, сарбаздардың дайындығы мен техниканың мүмкіндігін бағалап, бағамдап қайтты. Президент әскерилермен кездесті. Жауынгерлермен бірге ас ішті.
Жаңа технологиялар қақтығыстар қарқынын да, әдісін де өзгертіп жатыр. Кешегі окоп қазып, атысатын дәуір енді келмейді. Бәрі өзгерді. Сондықтан армияны жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау ертеңнің ісіне емес, бүгіннің қамына айналуы керек. Бұл жайында Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы жиі айтады, бүгін армияның айбынын көру үшін Алматы облысындағы полигонға арнайы келді.
Бұл – «Берег», яғни «Жағалау» оқу әскери полигоны. Іргеде Іле жатыр. Қарсы жағалауға жау шебі, демек шабуыл жасау керек. Зеңбіректер. Дауысы жер жарады, тыныштықтың қадірін түсінесің. Ал сол тыныштықты күзету қиындап барады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
- Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет. Бұл – заманауи әрі кәсіби әскерге қойылатын басты талап. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елімізді, жерімізді, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оларды қорғау – баршамызға ортақ қасиетті парыз.
Әуеде әскери ұшақты басқарғандарды да, жерде зеңбірекпен оқ атқандарды да, ұрыс техникасымен суға қойып кеткендерді де ортақтастыратын – сол ортақ парыз. Отанды қорғау. Мына ұрыс техникасының бірінде 19 жасар Дидар Қызырхан отыр. Бір айдан соң үйіне қайтатын ол бізбен өз шешімімен бөлісті. Қызырханов Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарын толықтырады.
Дидар Қызырхан, көздеуші-оператор:
- Басында аздап қорқынышты. Суға кірген сәттер. Біздің мақсатымыз – жаудың көзін жою. Су арқылы өтіп, жаудың дәп үстінен түсу.
Қарулы қатарда қаламын дегендердің қарасы көп. Себебі қазір әскери қызметшілерге жағдай жасалып жатыр.
Тілеухан Басқожаев, ҚР ҚМ департамент басшысы:
- Әскери оқу орнының азаматтық, профессорлық, сосын ұшқыштарға 60% көтеріліп отыр және осы 1 қыркүйектен бастап әскери медицина қызметкерлерге өзінің қызметтік лауазымына байланысты 30-50% көтеріліп отыр.
Материалдық жағдаймен қоса техникалық база да жаңарып жатыр. Мысалы, С-295 әскери-көлік ұшағы, атақты еуропалық концерннің өнімі. 9 тоннаға дейін жүк көтеріп, бір мезетте 73 десантшыны жауынгерлік жабдықта тасымалдай алады.
Алмаз Жұмакеев, ҚР ҚК десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы:
- Біз бүгін 30 жылда алғаш рет оқу-жаттығу шеңберінде жаппай десанттауды жүзеге асырдық. Яғни, 4 әскери ұшақты бір мезетте басқарылатын парашютпен қондырдық. Әрине, оның өз қиындықтары бар. Бірақ бұл – ұрыс кезінде өте шұғыл шешім қабылдауда таптырмас әдіс. Яғни, тұтас десант бөлімін, қажетті қару-жарақты, шағын техниканы тасып, ұрысты жалғастыруға болады.
Қорғаныс саласында импортқа тәуелділікті азайту, Президенттің кешегі Жолдауында айтылған бір міндет болатын. Мемлекет басшысының пікірінше, бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы:
- Ол үшін әскерді жоғары технологиялық қару-жарақпен және сапалы әскери техникамен жарақтандыру, оқ-дәрілермен толықтай қамтамасыз ету айрықша маңызды. Жақында жариялаған Жолдауымда мен жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс циклін құруды тапсырдым. Бронды техника, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, заманауи атыс қарулары – мұның бәрін біз өзімізде шығара аламыз. Жалпы қорғаныс-өнеркәсіп кешені әскеріміздің жауынгерлік қабілетіне сенімді тірек болуы қажет.
Тілеухан Басқожаев, ҚР ҚМ департамент басшысы:
- Негізі бізде бар. Оны енді ашық айта беруге болмайды. Бірақ бірқатар өзіміздің отандық кәсіпорын кешендері бар. Алматыда және Батыста орналасқан. Олардың су кемесін соғуда қабілеттері бар. Басқа да қару-жарақ шығаруға қабілеттері бар.
Бұл – түскі асқа шақырту. Жаттығу өз алдына, бірақ ас-ауқат бірінші орында. Себебі әлжуаз әскер – қауіп. Қарақұмық, күріштен сорпа. Дәмді, бірақ...
Мадияр Шадыман, жауынгер:
- Анамның тамағына жетпейді.
Сосын тағы әскери әзірлік, тағы да оқу полигоны, тағы да дайындық. Айтпақшы, бүгін біздің әскер қарсы күшке төтеп берді, ел іргесін тазартты. Бірақ, жау жоқ деме...
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков, Ділмұрат Сейдаханов.