Қ.Тоқаев Черногория президентімен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Черногория президентімен де келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті. Сонымен қатар әріптесі Яков Милатовичке келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан астам адам визасыз режимді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді.

Ал өз кезегінде Яков Милатович екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черногория Президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

Яков Милатович, Черногория президенті:

- Президент мырза, мен Сізбен кездескеніме өте қуаныштымын. Өзіңіз білетіндей, біз Қазақстан мен Черногория арасындағы достықты өте жоғары бағалаймыз. Осы кездесуге менімен бірге еліміздің Премьер-министрі де келді. Ол Черногорияны қазақстандық туристер үшін тартымды етуге ерекше қызығушылық танытады. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейсінің қызмет көрсете бастағанына өте қуаныштымыз. Бізге Қазақстаннан туристердің көптеп келетіні қуантады, – деді Яков Милатович.

Президенттер халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді және тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы өзара ықпалдастығының жай-күйін талқылады. 

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір-бірін өз елдеріне ресми сапармен келуге шақырды.