Мемлекет басшысы Румыния Президенті Клаус Йоханниспен келіссөз жүргізді

2023 жылғы 20 қыркүйек

АҚШ, Нью-Йорк, БҰҰ штаб-пәтері 

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Румыния Қазақстанның Шығыс Еуропадағы жетекші сауда серіктесі. Бүгінде екіжақты сауда-саттық көлемі 20 пайызға артып, 1,3 миллиард долларға жетті. 

– Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның, Қазақстан және Румыния Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру керек екенін айтты.