Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысты

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне реформа қажет.

Бұл органның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяның 78-ші сессиясына қатысып, осындай бастама көтерді.

БҰҰ әмбебап құрылым. 193 мемлекет мүше. Жиһандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету – осы ұйымның басты міндеті. Бірақ, соңғы уақытта жұмыр жерден тыныштық кетті. Биылғы сессияда да көп айтылған тақырып осы. Қазақ басшысы да сөзін қауіпсіздіктен бастады. «Бүгінде адамзат геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өтті» деді. Елдердің дүрдараздығынан миллиондаған адам жапа шегіп жатыр.  

Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазіргі қалыптасқан кері үдеріс адамдардың қайғысын қалыңдата түседі. Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Ақыр соңында адамзат болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал.

Шынында, бүгінде БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптері бұзылды. Сессияда қазақ басшысы Украина хақында айтты. «Дауды шешудің жолы дипломатия мен диалог» деді. Күшке салу - тұйыққа тірейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын түрлі мемлекеттер мен елдер топтары ұсынған барлық бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі кеңеюі мүмкін

Былтырғы 77-ші сессияда Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне реформа жасау керек деген. Бұл ұсынысын биыл да айтты. «Әйтпесе қалыптасқан қиындықты еңсеру мүмкін емес» деді. Түркия басшысы Ердоған да осындай пайымда. 

Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Қақтығыстар экономикаға, энергетикаға, азық-түлікпен қамту ісіне,,, жалпы қауіпсіздікке қатер төндірді. Барлық салада күрделі проблемалар туындады. Мен БҰҰ-ын, атап айтқанда осы құрылымның Қауіпсіздік Кеңесін уақыт оздырмай реформалауға шақырамын. Себебі, дәл осы Қауіпсіздік Кеңесі әлемдегі тыныштықтың кепілі болудан қалып, бес елдің саяси стратегияларының күрес алаңына айналды.

Ердоғанның айтқан бес елі АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Бұл бестік  БҰҰ-ның негізгі саяси органы саналатын Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі. Вето құқығына ие. Кеңеске халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау міндеті жүктелген. Бірақ, аталған орган біраздан бері сынға ұшырап жүр. Сессия барысында Байден кеңес мүшелерін көбейтейік дегенді алға тартты.

Джо Байден, АҚШ Президенті:

- Біз реформалардың жүзеге асуына үлесімізді қоса береміз. Дамуды тежейтін кедергілерді алып тастау керек. Кеңесте көп дауыс, көп пікір болғаны жөн. Америка Қауіпсіздік кеңесінің кеңеюін қолдайды. Әрі осы органды реформалауға күш салады.

Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан қосыла ма?

Ұйым органына біздің ел кіріп қалуы мүмкін. Мемлекет басшысы осындай бастама көтерді. «Егер, қауіпсіздік кеңесі кеңейетін болса, оның қатарында Қазақстан да болуы керек» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек.

Қ. Тоқаев: Ядролық күн тәртібін қайта қарау керек

Біріккен ұлттар ұйымының сессияларында қазақ тарапының ядролық қаруға қарсы сөйлемей қалған кезі болған емес. Жаппай жою қаруының зардабын біздің жұрт жете түсінеді. Сондықтан Мемлекет басшысы ядролық қаруға қарсы саясатты қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ядролық күн тәртібінің логикасын қайта қарау керек. Ядролық державалар арасында ядролық қарудан ада әлем құру жолында өзара сенім мен ынтымақтастық болғанда ғана жаһандық тұрақтылықты қамтамасыз ете аламыз. Осыған байланысты Қазақстан Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты қатаң сақтайтынын мәлімдейді.

Қазақстан аймақтық хабқа айналуға дайын

Жаһан бас қатыратын күрделі мәселенің бірі – азық-түлік қауіпсіздігі. Геосаяси текетірестердің кезінде бұл тіпті ушыға түсті. Ал біздің ел әлем нарығына астық пен басқа да әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті үздіксіз жеткізіп тұруға дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан азық-түлік жеткізуші аймақтық хабқа айналуға дайын. Ол үшін бізде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Еліміз қазірдің өзінде Еуропа мен Азия арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызға жуығы өтетін сенімді бағыт саналады. «Орта дәліз» аталатын Транскаспий халықаралық көлік бағдары Шығыс пен Батыс арасындағы өзара қатынастарды едәуір нығайта алады.

Климаттың өзгеруі қауіп төндіріп тұр

Климат өзгеріп барады. Бұл да бір қатер. Мемлекет басшысының әлемдік ареналарда климаттың бұзылуын айтпай қалған кезі жоқ. Заңдылық та шығар. Өйткені қатер, ең алдымен, Орталық Азияға төніп тұр. Қалай дейсіз ғой, 2030 жылға қарай жаһандық температура 1,5 градусқа көтерілуі мүмкін деген болжам бар. Ол кезде біздің аймақта температура 2,-2,5 градусқа дейін өседі. Салдарынан мұздықтар еріп, өзендер тартылады. Тіпті қазірдің өзінде өңірде су тапшы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің аймақтағы су тапшылығынан трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да мәселелер туындап отыр. Мұндай жағдай бүкіл әлемде байқалады. 2040 жылға қарай суға жаһандық сұраныс ұсыныстан 40 пайызға асып кетуі мүмкін. Сондықтан біз климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шаралармен бірге осы бір маңызды жаһандық мәселені шешу үшін саяси күш-жігеріміз бен экономикалық ресурсымызды жұмылдыруымыз керек.

Арал тартылып, Каспий сарқылып барады. Қазақ басшысы өзге елдерді теңізді құтқаруға шақырды. «Бұл бағытта ұзақмерзімді халықаралық ынтымақтастықты қажет» деді. Аймақтағы бес елді тек су емес, Ауғанстан да алаңдатады.

Аймақты Ауғанстан алаңдатады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біздің аймақтың күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе – Ауғанстан. Ол тұрақты, өркендеген мемлекетке және сенімді сауда серіктесіне айналуы керек. Осы орайда Алматыда Орталық Азия және Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын ашатын уақыт келді. БҰҰ-ға мүше-мемлекеттердің барлығын біздің осы бастамамызды қолдауға шақырамын.

Мемлекет басшысы қазіргі сын-қатерді тізе келе, аумақтық тұтастыққа тоқталды. «Тәуелсіздік пен егемендік – басшылыққа алатын мызғымас қағидамыз» деді. Дара жүріп даму мүмкін емес. Сондықтан Президент әлім мінберінен Қазақстанның стратегиялық мәселе бойынша негізгі одақтастармен қарым-қатынасты жалғастыра беретінін атап өтті. Мұнысы төңіректе қандай жағдай болса да, біздің ел бейбіт һәм ашық саясаттан айнымайды дегені.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы