Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстан мен Қырғызстан үкіметі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Құжат аясында кәсіпкерлік саласында құны 65 миллион доллар болатын түрлі жоба жүзеге асады. Бұл жайында екі ел арасындағы алғашқы Өңіраралық ынтымақтастық форумында айтылды. Келіссөз барысында тараптар суды пайдалану, энергетика, сауда, ауыл шаруашылығы салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
2005 жылдан бері қазақстандық компаниялар Қырғызстанға 1,3 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Былтырдың өзінде бұл көрсеткіш 200 миллион долларға жуықтады. Ал елімізде 3,5 мың бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді. Олардың жартысы Жамбыл облысында орналасқан. Бұл бағыттағы жұмыстарға алдағы уақытта да жалғасады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің Алматы және Жамбыл өңірі көрші елдің Ыстықкөл, Талас және Шу облыстарымен шектеседі. Бұл мемлекеттік шекарамыздың 1 200 шақырымын құрайды. Жақын арада шекара маңындағы осы аумақтарда индустриялық сауда-логистикалық кешен құру жаңа кооперациялық жобаларды жүзеге асыруға ықпал ететін боламыз. Бұл екі мемлекет басшыларының тауар айналымын 2 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына қол жеткізуге үлесін қосады.
Туыстас елдер арасындағы тауар айналымы тұрақты түрде ұлағайып жатыр. Мәселен биыл 7 айда сауда айналымы 755 млн доллардан асқан. Былтырмен салыстырғанда 12,7%-ке көп. Екі ел кәсіпкерлеріне одан әрі тиімді болу үшін форумда 12 келісімге қол қойылды.
Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Форум аясында біз 65 миллион долларға келісімдерге қол қойдық. Ол негізінен экспорттық контрактілер. Қырғызстан республикасына Қазақстанның тауарлары енді тасымалданатын болды.
Сейітбек Сұлтанқұлов, кәсіпкер:
- Бізге құрылыс материалдарын Тараздан алған ыңғайлы әрі тиімді. Форум аясында осы облыстағы зауыттарды аралап көрдік. Кейбірімен келісімге де келдік. Бүгінгі шарадан соң сол тауарларды сатып алып, шекарадан өткізу оңайырақ болады деген үміттеміз.
Әлихан Смайылов мемлекетаралық су шаруашылығы каналдарын цифрландырып, мониторинг жүргізу керек екенін айтты. Басқосуда екі ел Үкіметінің басшалары суды келісе ортырып қолдануға келісті. 2 күндік форум қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлер құс етін, медициналық және кондитерлік өнімдер мен тыңайтқыштарды еш кедергісіз экспортқа шығаратын болып уағдаласты.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.