Президент көрші елдермен алыс-берісті серпілту жолын атады

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей, Беларусь және Қырғызстанның үкімет басшыларымен де кездесті.

Президент халықаралық «Иннопром. Қазақстан» өнеркәсіп көрмесіне қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді. Қазір одаққа мүше мемлекеттер арасында бірқатар салада бірлескен кәсіпорындар мен ірі жобалар артып келеді. Сыртқы сауда көлемі бірінші жарты жылдықта 13 пайызға жеткен. Енді президент сауда-экономика саласын одан әрі серпілту үшін көлік қатынасының мүмкіндігін дамыту керек деп санайды. Атап айтқанда, Иран, Парсы шығанағы және Үндістанға апаратын Солтүстік – Оңтүстік транзит дәлізі, Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолы және Батыс Еуропа – Батыс Қытай бағытына назар аудару қажет. Сонымен қатар Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің де әлеуеті зор.   

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Сіздердің арнайы келгендеріңіз көрменің мәртебесін арттырғаны сөзсіз және тығыз сауда-экономикалық қатынастарымызды тағы бір рет дәлелдеді. Бүгінде аталған іс-шара тұрақты іскерлік алаңға айналып келеді. Бұл – қуанышты жайт. Көрме аясында әлеуетті серіктестер мен инвесторлар елдеріміздің индустриялық секторының жетістіктерімен жақынырақ танысады, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды іске асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады.

Иә, қазір одаққа мүше мемлекеттермен өзара алыс-беріс артып келеді. Мәселен, Ресей мемлекетімізге тұрақты түрде инвестиция салып отырған бес негізгі елдің қатарына кіреді. Бүгінде теріскейдегі көршімен бірлесіп, құны 16,5 миллиард доллар болатын 40 ірі жоба жүзеге асырылуда. Ал Беларусьпен ауыл шаруашылығы техникасын шығару және машина жасау саласында оң тәжірибе бар. Бұл бағыттағы жобалардың құны – шамамен 180 миллион доллар. Президент Қырғыз Республикасымен де байланыс тұрақты дамып келе жатқанын айтты. Жеті айда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға өскен.

ГРАФИКА

Қазақстан-Ресей

Бірлескен ірі жоба саны – 40

Құны – 16,4 млрд доллар 

Қазақстан-Беларусь

Ауыл шаруашылығы, машина жасау саласындағы жобалардың құны – 180 млн доллар 

Қазақстан-Қырғыз Республикасы

Жеті айда сауда-саттық көлемі 13 пайызға өсті    

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Бұл Одақты өте перспективті интеграциялық ұйым деп санаймыз. Оған мүше мемлекеттердің бәрі осы жерде 2015 жылы қол қойылған шартты қатаң сақтап, тек экономикалық интеграция, сауда-саттықты дамыту, өзара тауар алмасу бағытында ғана елдеріміздің нарығын ашу мәселелерімен айналысуы тиіс.