Тоқаев: Ресей газын Қазақстан арқылы тасымалдау барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай

Ресейдің табиғи газы Өзбекстанға Қазақстан аумағы арқылы тасымалданады.

Бүгін үш мемлекеттің басшылары Мәскеуде бас қосып, "Орта Азия – Орталық" магистральді газ құбырын іске қосты. Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдайтын жобаны  Қасым-Жомарт Тоқаев "тарихи оқиға" деп бағалады. Сонда оның артықшылығы неде? Бұдан Қазақстан қандай пайда көреді?

Алысқа көз тастасаң, шет-шегі көрінбейтін кең байтақ даламыз бар. Мемлекетіміз құрлықтың қақ ортасында орналасқан, тиісінше аймақтағы негізгі транзиттік орталыққа айналуға әлеуеті мол. 

Енді мұны экономиканың қажетіне жарату керек. «Орта Азия – Орталық» газ құбыры осы бағыттағы алғашқы қадамның бірі болды. Мемлекет басшысы "бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді" деді. Яғни құбырдан түсетін табыстан ешкім құр қалмайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Бұл жоба барлық қатысушы тараптың мүддесіне сай келеді. Қазақстан өз аумағында магистральді газ құбырын дайындауды уақтылы және толық аяқтады. Жоба Ресей газының экспортқа шығу бағытын әртараптандырып, Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және жаңғыртуға септігін тигізеді. Сондай-ақ Өзбекстанның жылына 3 миллиард текше метрге дейін жететін және жылдан-жылға артып келе жатқан табиғи газға деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.  

Транзиттік әлеуетті ұлғайтқан сайын одан түсетін табыс та көбейеді. Бұл қаражатты Қазақстанн газ инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсауы мүмкін. Ең бастысы, жоба саладағы тұрақтылыққа кері әсер етпейді. Бұл тек екі компания арасындағы өзара тиімді келісім. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "жоба елдердің өнеркәсібін дамытып, бизнес-ахуалды жақсартуға, азаматтардың тұрмыс деңгейін арттыруға тың серпін береді" деді. Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде де елеулі рөл атқарады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жоба Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен энергетикалық қауіпсіздікті нығайту ісінде елеулі рөл атқарады. Жылына 255 миллиард текше метрге дейін газ тасымалдай алатын магистральді газ құбырының 20 мың шақырымнан астам бөлігі еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін толық пайдалануға мүдделі және Ресей газын тасымалдау көлемін одан әрі ұлғайтуға дайын. 

Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:

- Өзбекстан газ тасымалын реттеу мәселесі жөнінде былтырғы жылдың соңында өтініш білдірген. Осыған байланысты біз шұғыл әрекет етіп, Газпромға тиісті техникалық жұмыстарды жүргізуге тапсырма бердік. Маусымда өткен Санкт-Пебербург экономикалық форумы аясында Қазақстан арқылы Өзбекстанға газ тасымалдау жөнінде келісімшарттар жасалды. 

Шавкат Мирзиёёв, Өзбекстан Республикасының президенті:

-  Өзбекстан, Ресей мен Қазақстанның энергетика саласындағы ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Саяси ерік-жігер мен бірлескен күш-жігердің арқасында жаңа газ тасымалының дәлізі қалыптасып жатыр. Ондаған жылдар бұрын Ресейге газ тасымалдаған «Орта Азия – Орталық» газ құбыры енді реверсті режимде ресейлік көгілдір отынды бізге қарай жібереді. 

Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестеріне алғыс білдіріп, «сала мамандарының бірлескен жұмысы кәсіби деңгейде әрі аса зор жауапкершілікпен атқарылғанына тоқталды. Телекөпірде Қазақстан мен Өзбекстаннан тікелей қосылған жауаптылар құбырдың дайындығын тағы бір растады. Содан кейін үш елдің басшылары жобаны іске қосуға рұқсат берді.  

Бекзат Аманов, тілші:

- Жоба үш мемлекеттің саладағы серіктестігін одан әрі арттырады. Экономикаға да түсетін қаржы көбейеді дедік. Ал бұл қалың қарашаға сезіле ме? Қазір жобамен бірге бұрын пайдаланылмаған газ құбырлары да қайта іске қосылып жатыр. Осы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады. Транзиттен түскен табыс саланың техникалық жағдайын жақсартып, қызметкерлердің табысын арттыруға бөлінеді. Ең бастысы, Қазақстан санкциялық режимді сақтайды. Оны айналып өтуге жол берілмейді.

Бекзат Аманов