Мемлекет басшысы Қызылорда облысының дамуына баса мән береді

Президент Сыр елінің дамуына баса мән береді.

Мұны Бүгін Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары барысында айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына ат басын бұрып, жергілікті халықпен кездесті, әлеуметтік нысандарды аралады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Қызылорда облысы қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Өңірде әсіресе құрылыс саласы екпін алған. Мәселен, былтырғымен салыстырғанда баспана салу 45 процентке көбейген. Ал өңір халқының негізгі кәсібі әрі табыс көзі егін шаруашылығы. Сондықтан да болар Президент сапарын ауылдан бастады. 

Нағи Ілиясов ауылы тек Қызылорда облысына ғана емес, бүкіл елге үлгілі елді мекен. Оның тыныс-тіршілігі қаладан кем емес. Әрбір үйге су кірген. Көшелеріне асфальт төселіп, ал орталығында кей шаһарда жоқ саябақ жайнап тұр. Президент ауылда жергілікті шаруа қожалығының демеушілігімен салынған спорт кешенін аралап көрді. Нысанда халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен емін-еркін шұғылдана алады. 

Ал ауылдың гүлденуіне атсалысып отырған жергілікті кәсіпкер елді мекенге жыл сайын 100 млн теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетеді екен. Көнерген нысандарды жөндейді, қажет болса жаңадан салады. Қысқасы, туған жерінен ештеңе аямайды. Осылайша өзгелерге үлгі болып отыр. 

Мұнан соң Президент ауылда былтыр ғана бой көтерген «Еңбек аллеясында» жергілікті еңбеккерлермен жүздесті. Мемлекет басшысы халықпен кездесу барысында Қызылорда облысының дамуына баса мән беретінін айтты. Сондай-ақ қазіргідей геосаяси ахуал күрделеніп тұрған сәтте қазақстандықтарды елдің өркендеуі жолында ауызбіршілік танытуға шақырды.

Президенттің еңбек адамдарына деген құрметі ерекше. Қажет болса, оларды сағаттап тыңдауға бар. Мемлекет басшысының алдында сөз алған шиелілік бригадир Гүлсім Дәрібаева өзінің ерекше еңбек жолымен бөлісті. 

Гүлсім Дәрібаева, шаруа қожалығының бригадирі:

- 40 жылдан астам уақыт ауыл шаруашылығында еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды қарапайым қол жұмысымен бастап, кейіннен трактор де, комбайн да айдадым. Агроном-есепші болдым. Қазіргі таңда күріш бртгадасында бригадир боп жұмыс істеймін. Дала академигі Ыбырай Жақаев атамыз айтқан екен: «Еңбектің көзін тапқан байлықтың өзін табады» – деп. Міне сол еңбектің арқасында талай жетістіктерге жеттім.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Шын мәнінде еңбек адамдары халқымыз үшін ең қажет азаматтар. Ең алдымен, біз еңбек адамдарына құрмет көрсетуіміз керек. Сондықтан, рахмет сіздерге. Сіздер осы ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың жолын жалғап жүрсіздер. Сондықтан мен әрқашан баршаңызды қолдаймын.

Қазір ауылда жүрген жастар аз. Бәрі қалаға кетуге асығады. Бірақ еңбектің тәтті нанын жеп, оның жемісін көрген жастар елді мекендеріне жән-тәнімен қызмет етіп келеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ауылда жастардың жұмыс істеуіне, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалған. Осындай ауылдарды көбейтуіміз керек. Оған шамамыз да, қаражатымыз да жетеді. Кәсіпкерлермен кездескенімде елді мекендерге қаржы салып, көмектесу керек деп үнемі айтып келемін. Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет. Сондықтан өзге облыстар да ауылдарды осылай дамытады деп ойлаймын. 

Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына айрықша мән беріп, мемлекет тарапынан қолдау шараларын көбейткені үшін Президентке алғыс айтты. Шаруалар әсіресе, Су ресурстары министрлігінің құрылғанын қуана қабылдап отыр.  Облыс орталығына келген Мемлекет басшысы алдымен «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалымен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзінше, халықаралық стандартқа сай болатын әуежайда жолаушыларға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалады. Ол бір сағатта 250 жолаушыға қызмет көрсете алады. Сондай-ақ түрлі бағыттарға ұшатын әуе рейстерінің саны артады.

Бұдан бөлек аймақ басшысы Қызылорда қаласында заманауи үлгіде салынып жатқан автобекеттің  жыл соңында іске қосылатынын және қаланың теміржол вокзалына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сыр өңірі үшін тағы бір маңызды жобалардың бірі Қызылорда-Жезқазған тас жолының құрылысы. Облыс аумағынан өтетін 216 шақырымның әзірге тек 100 шақырымы ғана салынған.

Мемлекет басшысы жауаптыларға Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолының Қызылорда-Ақтөбе аралығындағы бөлігін кеңейтуді де тапсырды. Себебі тас жол жаңа болғанымен өте тар. Сапар барысында Президент облыс орталығында салынатын жылу-электр орталығының жобасымен танысты. Жалпы құны 215 млрд теңге болатын ірі нысанды түрік компаниясы салады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталмақ. Мұнан соң Президент Қызылорда облысында өндірілетін құрылыс заттары көрмесін аралады. Мұнда 14 компанияның өнімі қойылған. Президент кәсіпкерлермен әңгімелесу барысында шағын және орта бизнесті өркендету үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков