Қазақстан мен Қытай басшылары нені талқылады?
Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды.
Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізген Си Цзиньпин осылай деді. Екі ел басшылары Бейжіңде арадағы ынтымақтастықты талқылады. Қытай мен Қазақстанның байланысы қалай өрбімек?
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Әлем назары осы күндері Қытайда. Елдің астанасында тәртіп күшейген. Ресми Бейжің 100-ден аса елдің ресми өкілін қабылдап жатыр. Қазақ Президенті кеше кешкісін келді. Ертең «Бір белдеу, бір жол» форумы өтеді. Осы алқалы жиын алдында Төраға Си Цзиньпин әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевпен жеке кездесіп алды.
Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде құрмет қарауылы сап түзеді. Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың шығыстағы көршімізге биылдыққа жасаған екінші сапары. Президент мамыр айында Сиань қаласында болған еді. Енді Бейжіңде. Хош. Бұл жолғы сапардың жөні бөлек. Қазақ басшысы ертең Қытай астанасында өтетін «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығының III форумына қатысады. Төраға Си бұл жобаны 2013 жылы Астана қаласында ұсынған. Яғни, биыл – «Бір белдеу, бір жолдың» 10 жылдығы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан сіздің осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді және оны ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде сіздің осы бастама туралы айтқаныңыз есімізде. Орайлы сәтті пайдалана отырып, сізді осы мегажобаны жүзеге асыру барысында керемет нәтижеге қол жеткізуіңізбен құттықтаймын және айтулы шараның табысты өтуіне тілектестік білдіремін. Сондай-ақ сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Біз Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз.
Қытай – құдай қосқан көршіміз. Екі елдің байланысы мәңгілік стратегиялық серіктес деген мәртебеге ие. Әлемнің екінші экономикасы саналатын бұл Қытай елі мен қазақтың барлық сала бойынша қатынасы қарқынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз барлық бағыт бойынша тиімді мемлекетаралық ықпалдастықты жолға қойдық. Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығы» басталды. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық табысты дамып келеді. Айтарлықтай өсім бар. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды. Бұл осы сала үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады. Өзара мәдени-гуманитарлық байланыстар үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Мемлекетаралық қарым-қатынастарды мүлдем жаңа деңгейге шығару үшін Қазақстанның да, Қытайдың да орасан зор әлеуеті бар деп санаймын.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
- Жоғары деңгейдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумына қош келдіңіз. Орнықты әрі қарқынды қазақ-қытай қатынастары екі ел арасындағы өзара сенімді нығайтып, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау ісінде батыл әрекет етуге септігін тигізеді. Халықаралық жағдайдың қалай құбылатынына қарамастан, Қытай мен Қазақстан өздерінің бастапқы ұстанымдарынан айнымай, бір-біріне жәрдемдеседі. Елдеріміз арасында достық қатынастар орнаған жылдар ішінде біз мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алдық.
Елімізге келгенде Си Цзиньпин Қытай Қазақстанның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын атап өткен. Осы сөзі бүгін тағы қайталады. Әрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларды толықтай қолдаймын деді. Жә. Бүгінгі келіссөз барысында тараптар сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, қаржы, көлік-транзит, атом өнеркәсібі, машина жасау, туризм, электронды коммерция және жоғары технология салаларындағы байланысты дамыту жайын талқылап, мемлекетаралық бес құжатқа қол қойды. Бұл келісімдердің сәтті жүзеге асуы үшін екі ел басшылары жиі жолығып тұрмақ. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев төраға Си Цзиньпинді келесі жылы елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.