Президент Қытаймен көлік серіктестігі желісін құруды ұсынды
Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құру керек.
Мемлекет басшысы Бейжіңде өткен «Бір белдеу, бір жол» форумында осындай ұсыныс айтты. Қазақ басшысы тағы қандай мәселеге тоқталды? Мұны қазір Қорған Қонысбайұлы тікелей эфирде айтуға әзір. Қорған, форумда қандай ерекшелік болды? Қазақ президенті не айтты?
Қорған Қонысбайұлы @Korgantore
- Қытай халқында «Бай болғың келсе, жол сал» деген тәмсіл бар. Содан болар, 2013 жылы елімізге мемлекеттік сапармен келген Қытай Төрағасы Си Цзиньпин «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұсынды. Онысы қолдау тапты. Биыл осы жобаға 10 жыл. Мерейтойлық үшінші форумға Қытай тыңғылықты дайындалған. Бейжіңге 30 шақты халықаралық ұйымның жетекшілері мен 130 елдің ресми өкілі келді. Оның 20-дан астамы мемлекет басшылары. Алқалы жиында қазақ президенті үшінші болып сөз алды. Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасын қытай тілінде бастады. Осылайша Мемлекет басшысы залдағы көпшілікті бірден өзіне қаратып алды. Мұндай дипломатиялық әдіс қытайлық журналистерді де елең еткізсе керек, тілшілер бірден телефондарының камерасын қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «қазіргі геосаяси жағдайда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мегажобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды» деді. Соның арқасында Азия, Еуропа және Африканың 150-ден астам елі тарам-тарам теміржол желісі, күре жолдар мен теңіз арқылы байланыс жасап отыр. Сарапшы 10 жылда Қазақстан бұл жобаның екі игілігін көрді дейді. Әуелгісі - еліміздің транзиттік әлеуеті артты. Мәселен 2013 жылы қазақ пен қытайдың өзара тауар айналымы 17 млрд доллар болса, бүгінде бұл көрсеткіш 31 млрд долларға жеткен. Мұны бір деңіз.
Қазбек Майгельдинов, "Қытайды зерттеушілер қауымдастығы" ҚҚ төрағасы:
- Екіншіден, Қазақстан өзінің траспорттық потенциалын арттыруға, траспорттық потенциал дегеніміз не? Яғни бізде Қытаймен Қорғас арнайы экономикалық аймағы бар, одан кейін Достық-Алашонкау, ЛяньЮнгань, ал мына жағында бізде Каспийдегі Ақтау портынан бөлек Құрық порты ашылып отыр. Бұл яғни Қазақстанға тауар, әлемдік, халықаралық деңгейдегі тауар айналымында өзінің үлесін, орнын алуға мүмкіндік берді.
Енді еліміз Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын халықаралық маңызға ие көлік-логистикалық орталыққа айналуға ұмтылып отыр. Оған барлық мүмкіндік бар. Бүгінде Қытайдан Еуропаға баратын транзиттің 85 пайызға жуығы біздің аумақ арқылы өтеді. Бұл орайда Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолы айрықша рөлге ие. Бұдан бөлек, «Бір белдеу, бір жол» аясында Ляньюньганда қазақ-қытай логистикалық орталығы, «Қорғас» құрғақ порты, Қытайдан Иранға баратын теміржол дәлізі салынды. Президент біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Үш жыл ішінде 1300 шақырым жаңа теміржол жол салатын жоспарымыз бар деді.
Мемлекет басшысының мұндай жоғары деңгейдегі жиындарда Транскаспий дәлізінің әлеуетін айтпай қалған кезі жоқ. Қазақ басшысы көк айдынның мүмкіндігіне бүгін тағы тоқталды. «Бұл бағдар Қытайды, Орталық Азияны және Еуропаны байланыстыратын «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы көпіріне айнала алады» деді. Бұл өз кезегінде жүк тасымалдау уақытын екі есе қысқартып, көлік шығынын айтарлықтай азайтуға ықпал етпек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
Қазақстан мен Қытай арасында Транскаспий бағытын дамыту жөніндегі үкіметаралық екі келісімге қол қойылды. Жуық арада бұл келісімдер айтарлықтай нәтиже беретініне сенімдімін. Күш-жігерімізді тиімдірек үйлестіру үшін Ірі стратегиялық порттардың, логистикалық орталықтардың және пошта хабтарының серіктестік желісін құруды ұсынамын. Сонымен қатар кемелер мен контейнерлердің бірлескен өндірісін жолға қоюға мүдделіміз. Қазақстан жолаушылар мен жүктерді тұрақты тасымалдау ісін қамтамасыз ете отырып, әлемнің жетекші әуе компаниялары үшін сенімді әуе көпірі және ыңғайлы айлақ болуға дайын.