Президент қазақ-француз бизнес форумына қатысты

Ақорда

Келер жылдан бастап елде аусылға қарсы вакцина өндірісі басталады.

Алғашқыда 10 млн дана шығарылады. Өндіріс француз технологиясы бойынша жүргізіледі. Қазақ-француз бизнес форумы аясында тиісті келісімге қол қойылды. Сондай-ақ жиында тараптар логистика, инвестиция және денсаулық сақтау саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімге келді. Жалпы форум барысында 20-дан астам маңызды құжатқа қол қойылды.

Президенттер екіжақты кездесулерден кейін тараптардың іскерлік ниетін бизнес форум аясында бекітті. Бұл шараға 300-ден астам мемлекеттік сектор және бизнес өкілдері қатысты. Жиында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарына тоқталды. Ықпалдастықты дамытуда энергетика секторының әлеуеті зор. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан – Франция нарығына шикі мұнай жеткізетін негізгі мемлекеттің бірі. Еліміз қара алтын экспортын арттыруға дайын. Сондықтан мұнай және газ қорын геологиялық барлау, уран экспорты, жел, күн және гидроэнергетика салаларында ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында және Еуропа тұтынатын ядролық отынның төрттен бір бөлігінен астамын қамтамасыз етіп отыр. Атом энергетикасы Францияның энергетика секторында 63%-ті құрайды. Осыған орай ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге орасан зор әлеуетіміз бар. Жаһандық технологиялық революция дамыған сайын сирек кездесетін металдарға сұраныс геометриялық прогрессиямен өседі. Жалпы 2040 жылға қарай ондай металдарға сұраныс 4 есе, соның ішінде литий элементіне қажеттілік 10 есе артады деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда жалпы құны 46 триллион долларға бағаланатын 5 мыңдай барланбаған кен орны бар. Осы ретте аталған саланы бірлесе игеру ісінде еліміз сенімді серіктес бола алады. Бүгінде біз Еуропа Одағының экономикасына қажетті 30 сирек кездесетін металдың 16-сын өндіреміз және Еуропа нарығының фосфорға деген қажеттілігінің 70%-тін қамтамасыз етеміз. Еліміздің аумағында кен орындарының 9 түрі бар. Тиісті инвестиция табылса, оларды игеруге болады. Осыған орай француз компанияларын өзара тиімді серіктестік орнатуға шақырамыз.

Қазақстан Франциямен ауыл шаруашылығы саласында да әріптестік аясын кеңейтуде. Франция басшысы Макрон да азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған саладағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті. Сонымен қатар «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» француздық Boehringer Ingelheim компаниясымен аусылға қарсы вакцина өндіру технологиясын трансферлеу жөніндегі келісім шартқа қол қойды.

Ерғали Абдураимов, «QazBioPharm» Ұлттық холдингі» АҚ бас директоры:

- Келісімшарт аясында франциялық технологияның өзіміздің, отандық «QazBioPharm» Ұлттық холдингінің еншілес мекемесі OtarBioPharm зауытына енгізетін боламыз. Бұл вакцинаның маңыздылығы, елімізде бұндай сапалы вакциналардың технологиялары жоқ. Бүгінгі таңда біз еуропалық технологияларды трансферлеу арқылы өзімізде өндірісті жандандырайын деп отырмыз. Алғашқы вакцинаның партиясын 2024 жылы біз жоспарлап отырмыз. 2024 жылдың соңына дейін біз барлық кезеңдерінен өтіп, тексеруінен өтіп, өндіріске енгіземіз деп отырмыз.

Қос тарапты қызықтырған ендігі бір бағыт денсаулық сақтау болды. Осыған қатысты 10 құжатқа қол қойылды. Француз мамандары Қазақстанда саланы цифрландыру жөнінде өз тәжірибелерімен бөліспек жоспарда. Тіпті қазірдің өзінде еуропалықтар елде телемедицинаны дамытып жатыр.

Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:

- Осы жылдың өзінде біз С3 медикал деген француздың жетекші IT технологиялық институтымен меморандумға қол қойған болатынмбыз. Қазірдің өзінде СҚО-да пилоттық жоба басталып кетті. Жоба бойынша француз компаниясы өзінің ақшасына әрбір ауылдық округтарға телемедициналық қондырғыларды жасап, СҚО-ның облыстық ауруханасымен байланыс жасайды. Бұл пилоттық жоба оң нәтиже беретін болса, келесі жылдан бастап бүкіл Қазақстанға осы пилоттық жобаны ары қарай жалғастырамыз.

Жалпы сан салада келіссөздер жүргізіліп, маңызды деген 20-дан астам коммерциялық келісімдер бекіді. Қол қойылған құжаттардың құны 1,4 млрд АҚШ долларына дейін жетеді.

Ардақ Зебешев, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы:

- Жалпы Француз Республикасы Қазақстанға стратегиялық ТОП-10 мемлекеттердің тізіміне кіреді сыртқы шетелдік инвестициялардың ағыны бойынша. Қазіргі таңда Франциядан 19 млрд доллардан астам инвестиция құйылған болатын. Ал қазіргі таңда іске асырылып жатқан жобаларды қарайтын болсақ, жалпы біз 33 жоба бар. Ол әр жоба әр түрлі кезеңде өзі атқарылып жатыр. Жалпы сомасы – 5 млрд доллар.

Айта кету керек, бүгінгі таңда Қазақстанда Францияның 200-ге жуық компаниясы жұмыс істейді. Енді алдағы уақытта олардың қатары артады деп жоспарланған.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев.