Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етуі басталды
Қазақстан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек береді.
Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді. Президент "Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылықпен шешуді қатаң айыптайды». Иә, әлем алауыздыққа толы. Аумалы-төкпелі заманда түркі жұрты түгел бірігіп, елдердің бауырмалдығы артуы керек. Мұны мемлекет басшысы да айтты. Қазақстанның ұйымға төрағалығы «ТҮРКІ ДӘУІРІ!» ұранымен өтетін болды. Бұл нені білдіреді? Түркілердің жаңа тарихы қалай жазылады?
Ақорда бұл аптада үлкен қонақтардан босамады. Сәрсенбі Макрон, кеше Орбан келсе, бүгін мерейтойлық саммит.
Қорған Қонысбайұлы @Korgantore:
- Түркі елдерінің басшылары бүгін Ақордада. Қазір міне Түркия президенті Ердоған кіріп келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптестерін күтіп алып жатыр. Протокол бойынша сурет. Сосын саммит.
Түркі мемлекеттері кеңесі кезінде біздің бастамасымен құрылған еді. 2021 жылы Ыстанбұлда өткен саммитте бауырлас елдердің басшылары кеңесті ұйым қылайық деп келісті. Оныншы саммитке біздің тарап «TURKTIME!» яғни «Түркі дәуірі!» деген атау қойды. «TURKTIME!» сегіз бағыттан тұрады. Бұл салт-дәстүр, біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергия. Ендігі жерде еліміз осы мәселеге басымдық бермек. Жә. Мемлекет басшысы түркі бірлігін дәріптеу керек деді. Осыған орай ұйымның, оның құрылымдарының тулары мен эмблемалары бір үлгіге келтірілмек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Бүгін өздеріңізге ұсынылған эскиздерді бірге қарап, ортақ шешім қабылдаймыз. Бұл тарихи сәт болмақ. Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар. Сондай-ақ елдеріміздің телехикаяларын өзара насихаттау маңызды. Әсіресе, балаларға арналған анимациялық фильмдерді көбірек таратқан жөн.
Қ. Тоқаев: Палестина халқына көмектесеміз
Осыдан соң қазақ басшысы түркі мемлекеттері ұйымы жанынан тұрақты өкілдер тағайындау мәселесін тезірек шешу керек деді. Сосын бауырлас елдердің басшыларын қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды. Қауіпсіздікке келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев таяу шығыстағы мәселені де айналып өткен жоқ. Палестина жұртына көмек береміз деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Бұл ретте кез келген жанжалды бейбіт келіссөз және дипломатиялық диалог арқылы ғана шешуге шақырамыз. Біз үшін әр елдің аумақтық тұтастығын сақтау және оның ішкі ісіне қол сұқпау – басты басымдық.
Р. Ердоған: көлік байланысына көңіл бөлу керек
Әзербайжан президенті Қарабақтағы жеңісіне тоқталды. Қазақ президенті әріптесі Әлиевті және мұқым әзербайжан халқын ел іргесін бекемдеуімен құттықтады. Ердоған болса бақылаушы болып отырған Түрікменстанды ТМҰ-ға толыққанды мүше болуға шақырды. Сосын түркі бірлігі үшін ортақ әліпбидің маңызы зор деді. Бауырлас елдің басшысы экономикалық ынтымақтастықты ырысты ете түсуді көздейді. Осы себепті Реджеп Тайип Ердоған виза процесін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешу керек деп отыр.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Республикасының президенті:
- Біз үшін түркі мемлекеттері аясындағы көлік және инфрақұрылым бағытындағы жобалар өте маңызды. Баку-Тбилиси-Жейхан шикі мұнай құбыры, табиғи газ құбыры, ТрансАнадолы құбыры, осының бәрі – біздің ынтымақтастығымыздың үлгісі. Каспидің табиғи газын Еуропа мен Түркияға тасымалдау жалғасады. Бұл жоба Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі мен түркі мемлекеттерінің гүлденуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз көлік желілеріне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осыны ескере отырып, өзіміздің ортақ Каспий-Батыс-Шығыс дәлізін дамытуға басымдық береміз. Біз сауда мен көлік байланыстарына кедергі келтіретін олқылықтарды азайтуымыз керек. Яғни, виза процестерін жеңілдетіп, кедендік кедергілерді шешу қажет.
Ш. Мирзиёев Түркі даму банкін құруды ұсынды
Іскерлік байланысты нығайтуға Өзбекстан да бейілді. Президент Шавкат Мирзиёев түркі даму банкін құруды ұсынды.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
- Қазіргі таңда Түркі инвестициялық қоры өз жұмысын бастады. Өндірістік ынтымақтастықты нығайту мақсатында, сонымен қатар ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келесі кезеңде Түркі даму банкін құру бойынша шаралар қабылдауымыз керек. Осы қаржылық институтты Ташкентте орналастыруды ұсынамын.
Биыл ұйымға Өзбекстан төрағалық етті. Түркі әлемінің бірлігін күшейтуге өзбек басшысының қосқан үлесі аз емес. Осыны ескеріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Шавкат Мирзиёев бүгін «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.
Экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге біздің ел де мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев тауарларымызды ортақ нарыққа еркін шығаруға жол ашайық деді. Биыл ұйымға мүше мемлекеттердің арасындағы тауар айналымы 22 миллиард доллардан асты. Енді құрылымға кіретін бауырлас елдің бәрінде модельдік заң қабылдау қажет. Сол кезде сауда-саттық көлемі 1,5 есе ұлғаяды. Мұның бәрі тегін емес. Мемлекет басшысы айтқандай қазіргідей алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу маңызды.
Қорған Қонысбайұлы @Korgantore:
- Осымен оныншы мерейтойлық саммит тәмам. Мемлекет басшысы сөз соңында түркі әлемін бірге өркендетейік деді. Себебі тірлік басқа болса да, тілек бір, бармақ басқа болса да білек бір. Ал бүгіннен бастап ұйымға Қазақстан төраға.
Қорған Қонысбайұлы, Жандос Битабаров