Төл теңгеге 30 жыл толды

Бүгін төл теңгемізге 30 жыл толды.

Ұлттық валютамыз 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді.

1993 жылдың 12 қарашасы. Бұл – төл теңгеміздің тұғырға қонған күні. Яғни, Ұлттық валюта жайлы Заң қабылданды. Ал 15 қарашадан бастап сауда-саттық құралы ретінде айналымға енді. Қиын-қыстау кезеңде оны жасау өз алдына, атауын да таңдау оңайға соқпаған. Алғашында бұл валюта «алтын», «сом», «ақша» деп аталып келсе, кейін қызу пікірталастан соң көпшілік  «теңге» сөзіне тоқтайды. Оны мемлекет және қоғам қайраткері Сауық Тәкежанов ұсынған.

Назерке Тоқжан, тілші:

- Бүгін төл теңгемізге 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында талай өзгеріп, заман талабына сай түрленді. Дегенмен мұқым қазақтың мақтанышына айналған тұңғыш теңгелер көптің есінде. Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Абай, Шоқан, Әбілқайыр және Абылай хандар бейнелеген теңгелер мұражайларда сақтаулы.

Алғашқы теңге Англияда басып шағырылды. Құпия операция 1 аптаға созылды. Осы аралықта қазақстандық ұшақ тұманды Альбионға 18 мәрте рейс жасаған. Ақшаның алғашқы легі алдымен Ақжайық өңіріне жеткізіліп, кейін ауыл-аймаққа түгел таратылды.

Алмат Басенов 25 жылдан бері теңге кескінін келістірумен айналысады. Әсіресе айтулы даталарға орай жасаған коллекциялық монеталарының шоқтығы биік. Бұл еңбектің қай-қайсы да ол үшін ыстық. Ең жеңілі 1 грамдық болса, ең ауыры - 2 келі алтыннан апталған.

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық банкінің бас дизайнері:

- Мәселен, мына монета өзіме қатты ұнайды. Мұның бір ерекшелігі, тантал металынан жасалған. Ол өте жұмсақ, сондықтан жұмыс істеу қиын. Қазақстан тантал металын монета жасауда қолданып отырған жалғыз ел екенін мақтанышпен айтқым келеді. Мұндай монеталардың саны шектеулі, небәрі 300 данасы бар.

Қарақат Қабай, ҚР Ұлттық банкінің бас сарапшысы:

- 2015 жылы біздің қазіргі таңдағы Қазақ елі сериялы банкнотамыз, 20 мыңдық банкнотамыз жаңа технологияны қолданып жасалған. 2015 жылғы Румыниядағы Бухарест қаласында ұйымдастырылған конкурс бойынша аймақтық ең үздік банкнотасының марапатына ие болды. Келесі жылы осы банкнота бойынша, оның жасалу технологиясы жағынан әлемдік валюталардың аса жоғары дәржеде жасалғаны туралы алғашқы үштікке кірді.

Көркемдігі жағынан қазақ ақшасы халықаралық байқауларда 5 мәрте үздік атанды. Дегенмен ең бастысы, ұлттық мәртебесін жоғалтпады. Тіптен сенімді валюта ретінде жұртшылықтың назарын аударды, - дейді қаржыгерлер. Қазір Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды көршілес елдерінде еуро, доллармен бірге айналымда жүр. Ал 2025 жылы еліміз тұтастай цифрлық теңгені қолдануға көшеді. Бұл да қаржы саласындағы елеулі оқиға болмақ.

Айнұр Кенжаева, «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі:

- Цифрлық теңге арқылы интернет желісі қолжетімді емес аймақтарда төлемдер жүргізуге болады. Екіншіден, мысалы, қандай да бір мемлекеттік төлемдердің тиімділігін арттыру мүмкіндігі. Яғни, цифрлық теңгенің мемлекеттік төлемдерді мақсатты қолдану мүмкіндігі бар. Үшіншіден, цифрлық теңгенің астарында жаңа технология. Ол технология смарт контракт жасауға мүмкіндік береді. Яғни, қандай бір бизнес процестерді, қандай да бір қиын алгоритмдерді біз төлемнің құрылымына жаза аламыз.

Осылайша, алғашында қалам, калька, тушьпен ғана салынған қазақ валютасы озық технологияның көмегімен жаңаша сипат алмақ. 30 жылдың ішінде өз міндетін толық атқарған теңгеміз құндылығын әрі қарай да дәлелдей түспек.

Авторы: Назерке Тоқжан.