Минскідегі ҰҚШҰ саммитінде қандай мәселелер сөз болды?
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төну қаупі болса, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ.
Қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл жөнінде бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінде айтты. Мемлекет басшысы келер жылы Қазақстан төрағалық ететін кезеңде назарға алынатын басым бағыттарды атады. Сонымен, ұйым неге мән бергені жөн? Келелі кеңесте қандай мәселелер сөз болды?
Минск келген қонақтарды қарашаның қара суғымен қатар қарлы боранымен қарсы алды. Дегенмен ауа райының бұндай тосын мінезі саммиттің сәтті өтуіне еш кедергі болмады. Дәстүрге сай ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кез келген шарасы секілді бүгінгі жиын да достық, әріптестік тұрғысында болды.
Қарлы боран саммиттің жұмысына емес, коммуналдық қызмет мамандарына кедергі болды. Тәуелсіздік сарайына мәртебелі меймандар келмес бұрын жұмысшылар толассыз жауған ақ ұлпамен арпалысып әлек. Бүгін Беларусь елінде ауа райына байланысты қауіптіліктің сары деңгейі жарияланды.
Бірінші болып саммит өтетін сарайға Қасым-Жомарт Тоқаев ат басын бұрды. Қазақ көшбасшысын құшақ жая қарсы алған Беларусь президенті Александр Лукашенко табиғаттың тосын мінез танытуын қалжыңмен жеткізді.
Күн райы құбылмалы болғанымен, арадағы әріптестікте салқындық байқалмайды. Ең әуелі Мемлекет басшылары шағын құрамда бүгінгі жиында қаралатын мәселелерді бір талқылап алды. Бұл сессия барысында Қазақстан Президенті қазіргі халықаралық ахуал күрт нашарлағанына тоқталып өтті. Еуразия құрлығындағы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жауапкершілігіне кіретін аймақ төңірегінде күрделі жағдай қалыптасқанын жеткізді. Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы қақтығыста тараптардың уақытша бітім жасау туралы соңғы келісімін құптайтынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз әуел бастан қақтығысушы тараптардың гуманитарлық үзіліс жариялауы керек екенін айттық. Олар осы уақытты қалыптасқан жағдайды реттеудің ұзақмерзімді шараларын әзірлеуге пайдалану үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұған қоса БҰҰ аясында палестиналықтарға «Екі халық үшін екі мемлекет» формуласына сай толыққанды мемлекет құру құқығын берген жөн. Осындай қиын жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын мүлтіксіз орындап, халықаралық құқық нормаларын сақтау маңызды.
Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдап қана қоймай, қайғыдан қан жұтқан елге қол ұшын созды. Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы күрделі ахуалға да назар аударды. Халықаралық қоғамдастықты ауған халқына жәрдем беруді жалғастыруға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыру және тауқыметі көп осы елдің өңірлік экономикаға интеграциялануына ықпал ету маңызды деп санаймыз. Биыл Қазақстан Ауғанстанға азық-түлік, аса қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмек жөнелтті. Қазан айында Ауғанстанның батысында болған жер сілкінісіне байланысты көмек көрсетілді. Герат қаласына құтқарушылар, кинологтар мен медицина қызметкерлері жіберілді.
Күн тәртібінен түспейтін бір мәселе бар. Ол – қазіргі жаһандағы тұрақсыздық пен сананы улаған есірткі, қару-жарақ айналымының, трансшекаралық қылмыс пен заңсыз миграцияның өсуі. Бұған Беларусь Президенті ерекше тоқталды. Ал қазақ басшысы сабырға шақырып, сын-қатерлерге бірлесіп төтеп беруге күш-қуатымыз жететінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төніп келе жатқанын, егер ондай қауіп болса да, оны үнемі айта берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Түптеп келгенде, қауіп-қатер әрдайым болған. Халықаралық қоғамдастықтың болмысы осындай. Бұл тақырыпты қайта-қайта көтеру, бізді әлдекімнен қорқатындай көрініс қалыптастырады. Мұндай мәлімдемелер мүлде қате түсінікке алып келуі мүмкін, тіпті қазірдің өзінде солай болып көрінеді. Қатысушы мемлекеттердің абырой-беделін және олардың әскери-саяси әлеуеті мен қуатын ескере отырып, Ұйымның риторикасы қатал, әйтсе де, белгілі бір деңгейде қисынды болуға тиіс.
Қазір ұйымға мүше мемлекеттердің алдында жаңа міндеттер тұр. Бұл басымдықтарды Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің кеңейтілген құрамда өткен сессиясында жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бірінші, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының қауіпсіздік саласында мүдделі елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату. Біріккен Ұлттар Ұйымымен және оның құрылымдарымен арада қалыптасқан ықпалдастық деңгейін сақтауға баса мән беруді ұсынамыз. Бұл жұмыс 2010 жылдың 18 наурызында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мен БҰҰ Хатшылықтары арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы бірлескен декларация негізінде жүргізіледі. ТМД мен Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуді құптаймыз. «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының ТМД-мен және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымымен әріптестігін нығайту жөніндегі практикалық шаралар» атты құжатта оның нақты қадамдары айқындалған.
Сондай-ақ Президент әскери ынтымақтастыққа да назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Ұжымдық күштердің жедел әрекет ету мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажет. Бұл контингенттің кедергісіз әрі еш жерге аялдамай қозғалуына, әскери авиацияның ұшуына және әскери кадрларды даярлау жүйесіне қатысты болмақ. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Ұйымның бітімгершілік әлеуетін арттыруға айрықша мән беруді ұсынды. Қазақ басшысы айқындап берген басым бағыттар еліміз төрағалық еткен тұста назарға алынады. Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл абыройлы міндет бізге жүктеледі. Төрағалықты аяқтап жатқан Беларусь президенті бізге сәттілік тіледі.
Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының президенті:
- Біз Қазақстандағы достарымызға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұйымдағы төрағалық ететін кезең сәтті өтсін деп тілеймін. Бүгін біз ұзақ мерзімде атқарылуы тиіс міндеттерді айқындадық. Солардың барлығын жүзеге асыра аласыздар деген сенімдемін.
Риат Шони, тілші:
- Саммит соңында мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясына қол қойды. Жиында барлығы 15 құжат қабылданды. Дені қару-жарақтың заңсыз айналымы және халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы ынтымақтастықты дамыту жайында болды. Енді бұл қаузалған мәселелер де Ұйымға Қазақстан төрағалық ететін кезеңде ерекше назар аударылады. Ал кеңестің келесі отырысы 2024 жылдың қарашасында Қазақстан астанасында өтеді деп жоспарланған.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, Ділмұрад Сейдаханов, Алмас Омарғалиев.