«24 КZ» қайта жаңғырды
Желтоқсанның 11-нен бастап, «Хабар 24» танымал «24 KZ» брендімен эфирге шығады.
Елдің басты арнасы сырт пішіні ғана емес, ішкі мазмұнын да жаңартты. Сөйтіп, негізгі ақпараттық арна өз тарихында екінші рет ребрендинг жасады. Патша көңіл көрерменге үздіксіз қызмет көрсететін 24 KZ-тің жаңаша сипаты, тамаша танымы қандай екен? Көрерменмен бірге біз де көрейік.
Жаңа студия, жаңа леп. Енді дәл осы жаңа студияда ел мен әлемнің түкпір түкпірінен көзі қарақты көрерменге жаңалық тарайды. «24 KZ» жаңа жобаларымен де қуантатын болады.
«Хабар 24» бұған дейін белгілі «24 KZ» брендімен эфирге шығады. Телеарнаның жаңарған логотипі ақ-қызыл түсті екі цифр арқылы беріледі. Алқызыл түс рауандап атқан жаңа күннің басталуын білдірсе, KZ белгісі телеарнаның қазақстандық арна екендігін көрсетеді. Осылайша арнаның халықаралық аренадағы белгісі айқын болмақ.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Біз көрермендердің арнамыздың қай атауын көбірек қолданатынын білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Бір қызығы, «24 KZ» арнасының атауы «Хабар 24» - ке қарағанда жиі қолданылатын болып шықты. Дегенмен арна «24 KZ» атауымен небәрі 4 жыл, ал «Хабар 24» атауымен шамамен 7 жыл хабар таратты. Яғни телеарна аудиториясы үшін «24 KZ» атауы әлі күнге дейін таныс болып отыр. Отандастарымыздың көпшілігі үшін Қазақстанның тәулік бойғы жаңалықтары «24 KZ» - пен байланысты.
Телеарна мұның алдында ұзағанда жарты сағаттық жаңалықтар топтамасын ұсынса, енді көрермен эфирді үзбей көреді. Яғни эфир уақыты ұзарды. Қазақ-орысша жаңалықтар алмасып, тоқтаусыз беріледі. Ақпараттық жаңалықтардың арасында тақырыпты жан-жақты талдайтын сараптама, пікірталастар мен арнайы репортаждар, тұщымды сұхбаттар топтамасы тағы бар.
Жасын Біркенов, «24 KZ» телеарнасының директоры:
- Кең көлемде жүргізілетін ребрендингтен бөлек, біз жаңалықтар форматын да түрлендіріп отырмыз. Мәселен, әр күн сайын эфирдің шымылдығын «24 KZ таңы» таңғы ақпараттық бағдарламасы ашады. Бұл жерде қос жүргізуші ең күрделі тақырыптарды саралап, еркін форматта, бірақ салмақты етіп көрерменге жеткізеді. Ал 19:00-де «Prime Time» ақпараттық-сараптамалық жобасы көрерменге жол тартады. Мұнда күннің негізгі оқиғаларына сараптамалық шолу жасалады.
Арна мамандары трансформация алдында әйгілі BBC, NBC News, Франция 24 және Ресей 24 арналарының тәсілдерін талдап, тәжірибесіне сүйенді. «24 KZ» қазір техникалық тұрғыда жаңа атаумен шығатын эфирге сақадай-сай.
Бақытжан Досымбеков, «24 KZ» телеарнасының бас режиссері:
- «24 KZ» осы ребрендингке біраз жұмыстар атқарды. Студия жасалды. Жүргізушілермен жұмыс істедік. Өздеріңіз білесіздер, жазда кастинг жүргізілді. Студияны техникалық тұрғыдан толығымен қамтыдық. Свет қойып, LED экрандар алып, оған өзіміздің режиссерлік бөлімнің кадрларын дайындадық. Оқытып үйреттік.
Қазақстандағы тәулік бойы хабар тарататын алғашқы ақпараттық телеарна эфирге 2012 жылдың 1 қыркүйегінде шықты. Осы 11 жыл ішінде елдегі ақпарат көздерінің көшбасшысына айналды. Айта кетерлігі, «24 KZ» ұсынатын контент – 100 пайыз отандық өнім. Телеарна аймақтар мен шет мемлекеттерде тілшілер қосыны бар ең ірі құрылым ретінде ел және әлемнің әр түкпірінен берілетін тікелей қосылымдар санын да ұлғайта түспек.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев