Қ. Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттады
Халқымыз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек, ал Қазақстан тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуы қажет.
"Қазақстанда жасалған" деген таңба ең мықты сапаны, жақсы өнімнің белгісін айғақтауы тиіс. Бүгін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысқан Президент осылай деді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қандай міндеттер жүктелетінін атап, Үкімет тарапынан қарастырылатын жеңілдіктерге де тоқталды.
Жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік жауапкершілік. Бұл залға бүгін осы талаптарға сай келетін кәсіпкерлер жиналды. Яғни, «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздары.
Айта кету керек, биыл конкурсқа қатысуға 200-ден астам өтініш келіп түскен. Ал «Үздік инновациялық жоба» аталымында маңғыстаулық «CleanField Kazakhstan» компаниясы ие болып, бүгін Президенттің қолынан марапат алды. Бұл серіктестік еліміздің батысында мұнайдан ластанған топырақты тазалаумен айналысады.
Бектас Абдуманапов, "Cleanfield Kazakhstan" ЖШС директоры:
- Норвегия мен датски технология бойынша ластанған топырақты тазалаймыз. Маңғыстауда 2021 жылдан бастап істеп жатырмыз. Көңіл күйіміз өте жақсы. Президенттің қолынан осындай гран-при алып жатырмыз. Алғысымыз шексіз.
Кәсіпті одан әрі дамытудың бірден бір жолы – ол инвестиция тарту. Мәселен былтыр елде өңдеу өнеркәсібі саласына қалталы азаматтар 1,5 трлн теңге қаржы құйған. Ал осы сектордан шыққан өнім экспорты 26 миллиард доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Бүгін ұлттық байқау лауреаттарын марапаттаған мемлекет басшысы ел экономикасының тірегі саналған бизнесті дамыту маңызды мәселе екеніне тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен жуырдағы Жолдауымда 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе, яғни 450 миллиард долларға дейін ұлғайту жөнінде маңызды міндет жүктедім. Бұл міндет – бос қиял емес, Үкіметтің мұқият есептеген іс-қимыл жоспары. Оны орындау үшін жаңа инвестициялық циклді іске қосу қажет. Ол ел экономикасының маңызды элементіне айналады. Өткен аптада мен Инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Енді Инвестициялық штабтың жұмысы жобаларды уақытылы және кедергісіз жүзеге асыруға бағытталады. Штабқа заңды күші бар, уақытша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу құқығы берілді.
Жалпы, инвестиция тарту ісінде «бюрократияға мүлде жол жоқ – барынша нақты іс-әрекет» қағидаты басшылыққа алынуы қажет. Президент атқарылған жұмыстардың нәтижесі мемлекеттік аппараттың жіті назарында болуға тиіс екендігін ескертті.
Айта кету керек, келер жылдан бастап өңдеу секторына қаржы құятын инвесторлар 3 жылға салықтан босатылады. Бұл Президент тапсырмасы. Өйткені қазір қалталы азаматтар үшін әлемде бәсекелестік жоғары. Сондықтан Қазақстанның да өз ұпайы түгел болуы тиіс. Мәселен, жақында Қостанайда Kia автокөліктерін шығаратын толық циклді зауыттың құрылысы басталды. Демек, елге әлемдік және аймақтық өнеркәсіп алпауыттары келіп жатыр деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инвестициялық жобаларды прокуратура органдарының сервистік қадағалауына баса мән беріледі. Инвестициялық жобаларды «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қолдау жүйесі енгізіледі. Бұл инвесторларға рұқсат беретін құжатты алу ісін оңайлатады және жеделдетеді. Сонымен қатар оларға жер учаскелерін беру және коммуникация жүргізу жұмыстарын жеңілдетеді.
Дегенмен, Президент елде жұмыс істегісі келген қалталы азаматтармен олардың компанияларының басшыларына да қатаң талап қойылатындығын ескертті. Өйткені ұлттық мүдде әрдайым басым болу қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады.
Халқымыз үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек, ал Қазақстан тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуы қажет. Осы ретте Президент «Қазасқтанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаны, жақсы өнімнің белгісін айғақтауы тиіс екендігін айтты. «Алтын сапа» байқауының да басты мақсаты осы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыласынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысушылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық.
Ендігі бір маңызды міндет – ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мақсат - 3 жылда агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Бұл ауқымды жұмысты атқаруда Үкімет бизнес өкілдерімен бірлесіп әрекет ету қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы саланың импортқа тәуелділігін азайту үшін ірі инвестициялық жобалар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта сүт өнімдерін шығаратын 115 ферма салынады. Олар жыл сайын 600 мың тоннаға дейін өнім беретін болады. Сондай-ақ 15 ірі құс фабрикасы іске қосылады. Бұл кәсіпорындар жылына 120 мың тонна ет өндіреді. Мұның бәрі жалаң цифр емес, бұл – нақты міндеттер. Әрбір ірі жоба ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер етеді. Аймақтарды дамытуға мол мүмкіндік береді. Мен бұл мәселеге әрдайым баса мән беретінімді білесіздер.
Ауыл демекші, биыл елде «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Елді мекен тұрғындарына өз кәсібін бастауға шағын несие беру үшін 100 млрд теңге ақша бөлінді. Осы игі бастаманың арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Ал келер жылы бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Президент болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық берілетіндігін де айтты. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен облыстарға жұмыс сапарымен жиі барып тұрамын. Биыл да бірнеше аймақта болдым. Әр облыста жұртшылықпен, соның ішінде бизнес өкілдерімен кездесіп жүрмін. Аймақтарда көптеген инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Биылдың өзінде еліміз бойынша жалпы құны 376 миллиард теңгені құрайтын 91 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Соның арқасында 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Қосымша тұрақты жұмыс орындарын ашу – жалпымемлекеттік міндет. Өйткені бұл жерде халықты жұмыспен қамту, қоғамдағы масылдық психологиядан арылу туралы айтылып отыр.
Жалпы Президенттің сөзінше, бизнес пен мемлекет арасындағы қатынастардың жүйелі түрде жаңғыруына қазір әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі ықпал етеді. Оған сай кәсіпкерлік субъектілерінің салықтық есебін 30 пайызға азайту жоспарланып отыр. Төлемдер саны кем дегенде 20 пайызға оңтайландырылады. Бұдан бөлек кәсіпкерлердің банктердегі шоттарын бұғаттау кезінде олардың салықтық қарызына тең көлемдегі қаржысына ғана шектеу қойылады. Осылайша мемлекет бизнестің барлық түрін дамытуға жол ашып отыр. Аса ірі жобалар да, шағын кәсіпкерлер де назардан тыс қалмайды. Қойылатын тек бір талап бар. Ол адал еңбек ету.
Авторлары: Риат Шони, Жандос Битабаров, Алмас Омарғалиев