Президентке Астанадағы индустриалды парктің жұмысы туралы баяндалды

Теміржол көлігін құрастыратын әлемдегі көшбасшы компания Қазақстанда жолаушы вагондарын шығарады.

Осылайша елдегі пойыздар жаңартылады. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы үшін түрлі типтегі 500-ден аса вагон құрастырылады. Бұл жөнінде бүгін Мемлекет басшысына баяндалды. Президент Астананың индустриялық паркіндегі жетекші кәсіпорындармен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі номері бірінші индустриялық паркке барды.

Бұл Астанадағы №1 индустриялық парк. Ат шаптырым аумақты алып жатқан өндіріс алаңы. Инвестиция тартуда парктің орны бір төбе. Мұнда бүгінде 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Инвестицияның жалпы көлемі 322 миллиард теңге. Парк өндіріс ауқымы жағынан елде бірінші орында. Іске қосылған сәттен бері өндіріс алаңында 6,7 триллион теңгенің өнімі шығарылған.

Евгений Глотов, қала әкімінің орынбасары:

- Алғашқы жартыжылдықта елорданың аймақтық жалпы өнімінің көлемі 4,7 триллион теңге болды. Өсім – 4,1 пайыз. Оның басым бөлігі, яғни 73 пайыздан астамы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Экономика тірегі - өндіріс. Зауыт, фабрикалар неғұрлым көп болса, соғұрлым ішкі жалпы өнім де ұлғаяды. Халыққа жұмыс болады. Мемлекет басшысы бас қалада жұмыс орындарын көбейту керек деді.

№1 индустриялық паркттегі өндірістің бірі «Тау-Кен Алтын» зауыты. Кәсіпорын құрамында қымбат металы бар шикізатты өңдеп, аффинажбен айналысады. «Самұрық-Қазынаның» басқаруындағы табысты кәсіпорындардың бірі. Зауыт іске қосылғалы бері 10 жыл ішінде Ұлттық банк үшін 200 тоннадан астам таза алтын өндірді. Мұндағы екінші өндіріс «Stadler Kazakhstаn» серіктестігі. Кәсіпорынның негізі биыл швейцариялық холдингпен инвестициялық келісім нәтижесінде қаланған. Теміржол көлігін құрастыратын әлемдегі көшбасшы компания енді бізде жолаушы вагондарын шығармақ. Сөйтіп, елдегі пойыздар жаңартылады.

Бұл «бірыңғай шоғырландыру орталығы» деп аталатын серіктестік. 2018 жылы негізі қаланған компания резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорын жыл сайын 72 миллион бақылау-индикатор пломбалары мен өздігінен жабысатын лейблдер, сондай-ақ мал шаруашылығында қолданылатын 24 миллион дана сырға шығарады. Индустриялық парктегі кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, өнімдері ішкі нарықта да, сыртта да сұранысқа ие. Мәселен, «ВМП Астана» зауыты шығаратын коррозияға төзімді әрі өрттен қорғайтын лак-бояу жабындылары өнеркәсіптің түрлі секторында кеңінен қолданылады. Өнімнің 90 пайыздан астамы Ресейге экспортталады, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстан да сатылады. Бұл түркиялық компаниямен бірге өндірілетін респиратор. Эпидемия кезінде таптырмайтын бұйымға айналды. Мұнда 2027 жылға дейін 10 өндіріс желісін іске қосу жоспарланып отыр. Сөйтіп компания жылына 20 миллион респиратор шығармақ.

Бұл «Metal Former» зауыты. Жабындылар мен қаптама материалдар шығарады. Осылайша кәсіпорын ішкі нарықты отандық өніммен қамтатамыз етіп отыр. Әйтпесе оның бәрі шеттен келетін.

Мемлекет басшысы өндіріске оң бағасын беріп, жұмысшылармен кездесті. Осы жерде Қасым-Жомарт Тоқаев импортқа иек артпай, өзімізді өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету керек екенін тағы шегеледі.

Мемлекет басшысы барған тағы бір компания - YDA Industrial Park. Өндіріс кешеніне медицина жиһазы мен жабдықтары, кеңсе бұйымдары, модульді құрылыстар мен терезелер және витраж шығаратын бес кәсіпорын кіреді. Жоба инвесторы, түркиялық YDA Group компаниясының басшысы Хуссейн Арсланның айтуынша, біріккен өндіріс алаңы 2021-2022 жылдары іске қосылған. Қазір мұнда 300 адам жұмыс істейді. Бұл да заманауи өндіріс орны. MODEХ Astana деп аталады. Зауытта темірбетон конструкциялары жасалады. BI Groupтың құрамына кіретін MODEХ Astana – 2020 жылдан бастап жұмыс істеп келеді.

BI Group басшысы Айдын Рахымбаевтың айтуынша, модульдік әдіс құрылыс уақытын едәуір қысқартуға әрі өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Мұнымен тек үй емес, әлеуметтік нысандарды да салуға болады. Материал шеттен келсе, оның құны да қымбат болады. Яғни қажетті бұйымды елде шығарып, өндірісті жолға қойсақ, бұл алдымен бағаны тұрақтандыруға ықпал етпек. Президенттің отандық бизнесті қолдаймыз деп үнемі айтып жүргені де содан.

Қорған Қонысбайұлы