Қ.Тоқаев: Кедергілерді бірігіп жоюымыз керек
Әлемдік сарапшылардың сөзінше, алдағы жылы жаһан экономикасы баяу қарқынмен өседі.
Мұны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер де сезінбей қоймайды. Сондықтан қолда бар интеграцияның әлеуетін барынша пайдалануымыз керек. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Президент бұл бірлестіктің тек қана бір ғана экономикалық мүддесі бар екенін тағы бір рет қайталап, әлі де бар кедергілерді бірігіп жоюды ұсынды.
Бұл бестіктің экономикалық бірлестікте бас қосқанына алдағы жылы 10 жыл толады. Түрлі түсінбеушілік, кедергілер мен келіспеушіліктер. Бірақ экономикалық одаққа мүше елдердің бүгінде ұпайы түгел, оның үстіне жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың бәсеңдер түрі жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Сарапшылар болжамына сәйкес, келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі экономикалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз».
Озық технологиялар мен инновацияларды енгізу. Ендігі бір міндет осы. Айтпақшы, дәл осы бағыт бүгін қабылданған декларацияда жазылған. «Еуразиялық экономикалық жол» деп аталатын құжат Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасымен ұштасады. Жалпы бұл ұйымның бір мақсаты - тауарлардың еркін қозғалысы десек, оған кедергі келтіретін тұстар әлі де бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Кеден шекаралары ашылғанына қарамастан, әрбір ел іс жүзінде отандық өндірушілерін ЕАЭО-ға қатысушы өзге бәсекелестерден қорғауын жалғастырып отыр. Біз ортақ нарықта кездесетін кедергілер мен шектеулерді жойып, бірыңғай техникалық регламенттер енгізуді жылдамдатуымыз керек».
Сарапшылардың бағалауынша Еуразиялық экономикалық одақтың шамамен 600 млн ашқұрсақ халықты азық-түлікпен қамти алатын қауқары бар. Дегенмен, еуразиялық бестіктің экспорттайтын өнімдері жаһан нарығында 2% әрі аспайды. Президенттің ойынша, сыртқы саясатта да ЕАЭО-ның әлеуетін кезең-кезеңімен нығайту аса маңызды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
«Біз Иранмен Еркін сауда туралы толық форматты келісімге қол қоюды құптаймыз. Бұл ел біздің сауда-экономикалық байланысымызда маңызды рөл атқарады. Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр, Индонезия, Моңғолия және басқа да мүдделі елдермен осы бағыттағы мақсатты жұмысты жалғастырған жөн».
Осымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы аяқталды. Президенттер бірқатар құжатқа қол қойды. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қызметіне Қазақстанның өкілі Бақытжан Сағынтаевты сайлады. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа алдағы жылы Армения төраға.