АЭС тағдырын халықтық референдум шешеді
Атом электр стансасын саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді. Дегенмен, еліміз үшін таза атом энергиясының маңызы зор.
Қасым-Жомарт Тоқаев бастаманы жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынғанын айтты.
Жалпы АЭС салу мәселесі бойынша қоғамдық талқылаулар өткізіледі. Құрылысты жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың пікірлері барынша таразыланып, шешім қабылданады. Президент жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығармай, мәселені ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн.