Президент сыртқы саясаттағы ұлттық мүдде туралы айтты

Қазақстан сыртқы саясатта ұлттық мүддені басты орынға қояды.

Саяси дипломатия – ең әуелі еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтау және экономикамыздың дамуы үшін қызмет етеді.

Сыртқы саясат саласындағы басты ұстанымдар ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның сауда және инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктер аймағына айналғанын атап өтіп, қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда көршілерімізбен ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Ал 2024 жылы еліміз халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді. Бұл Қазақстанның әлемдік дипломатиядағы абырой-беделін арттыра түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тағы бір маңызды шара – Астана халықаралық форумы. Биылғы маусым айында өтетін алқалы жиынға әлемнің көптеген көшбасшысы мен жаһандық деңгейдегі компаниялардың жетекшілері қатысады. Жиында климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы және энергетикалық қауіпсіздік сияқты барша елдерге ортақ мәселелер талқыланады. БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Франциямен бірлесіп «One Water Summit» халықаралық форумын өткізу туралы уағдаластықтың мән-маңызы зор. Бұл басқосу климаттың өзгеруіне қатысты жаһандық қозғалысқа сүбелі үлес қосатын жиын болмақ.