Тоқаев: Үкімет жұмысына жаңа серпін беру қажет
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Бүгін біз былтыр атқарылған жұмысты қорытындылаймыз. Сондай-ақ алдағы кезеңнің басты міндеттеріне тоқталуымыз керек. Жалпы, өткен жылы экономикамыз 5,1 пайызға өсті. Ең бастысы, еліміздің даму қарқыны бәсеңдеген жоқ. Алдыңғы Үкімет осы бағытта біраз жұмыс істеді. Кеше мен бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа алғысымды білдірдім. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайды, себебі алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Сондықтан Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет – деді ол.
Негізгі мақсат – баршаңызға белгілі.
Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни, нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет. Бұл – еліміздің жалпы ішкі өнімі жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуі керек деген сөз. Сондай-ақ, макроэкономикалық көрсеткіштермен қатар халықтың нақты табысы да қарқынды түрде артуы керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бір сөзбен айтқанда, бізге шын мәнінде сапалы даму қажет. Сондықтан әрбір қадамды жан-жақты, мұқият ойластырып, батыл әрекет ету керек – деді Мемлекет басшысы.
Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген.
Алайда, бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек. Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша, кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды – деді ол.
Қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беруіміз қажет.
Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын – деді Президент.