Тоқаев: Әлеуметтік көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуі тиіс
Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік салада қордаланған мәселелерге де ерекше мән берілді.
Президент азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін қайта қару қажеттігін айтты. Мемлекеттік қолдау біріншіден тиімді болуы керек, екіншіден, шынымен мұқтаж адамға берілуі тиіс. Денсаулық сақтау саласында да қордаланған түйткіл көп. Мәселен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде әлі олқылықтар бар. Сапа төмен, көптеген қызмет түрі әлі де қолжетімсіз.
Әлеуметтік мәселені шешу - басты міндет. Алқалы жиында Президент бұл салаға да басымдық беріп, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар ширамаса, қарқыны кеміген емес. Бірақ заманмен бірге заңнама да дамуы тиіс. Әлеуметтік сала әділдік, теңдік негізінде жүзеге асыруы қажет. Мемлекет басшысы азаматтарды қолдау тетіктерін қайта қарау қажеттігін айтты. Әлеуметтік көмектің тиімділігін арттырып, оның кімге және қалай берілетінін ойластыру керек. Сонда ғана бөлінген қаржыны барынша тиімді жұмсап, оны шын мәнінде көмекке мұқтаж адамға беруге мүмкіндік туады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет.
Қазақстан – әлеуметтік бағдар ұстанған ел. Мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлінеді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл, ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Бұдан бөлек көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуы тиіс.
Кейінгі кездері медициналық сақтандыру қызметіне қатысты сын-пікір көбейді. Осыған орай Президент медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыруды тапсырды. Халықтың талап үдесінен шықпаған жүйені депутаттар да талай рет сын тезіне алған еді.
Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біз кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен Міндетті медициналық сақтандыру пакеттерін біріктіру керектігін біраздан бері айтып келеміз. Алайда денсаулық сақтау министрлігі тарапынан ұсынысымыз ескерілмеді. Президенттің тапсырмасынан кейін бұл жүйеде өзгерістер болады деп сенеміз.
Алдағы екі жылда Қазақстанда 600-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынуы тиіс. Алайда жоспар 10 пайызға ғана орындалған. Уақыттан кешіккен, жоспардан жаңылған басшыларға жауапкершік қатаңдатылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Медицина инфрақұрылымын дамыту өте маңызды міндет. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 655 нысан салу жоспарланған еді. Іс жүзінде оның тек 85-і ашылған. Мұның бәрі жұмыстың тиімсіз жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жобалық-сметалық құжаттар тым баяу әзірленді, құрылыс ұзаққа созылды немесе нысандардың құны қымбаттап кетті деген себептер айтылып жүр. Мұның қай-қайсысы да құр сылтау. Басқа себебі жоқ деп ойлаймын. Қажет болса, министр де, әкім де кез келген мәселені шұғыл шеше алады. Демек, сондай ниет болмай тұр деген сөз.
Қуандық Танабас, тілші:
- Президент елдегі денсаулық сақтау нысандарынң ғана емес, мектептердің де құрылысын сынға алды. Мәселен, Қазақстанда жаңа форматтағы 369 мектеп салу жоспарланған. Алайда нысандардың әлі күнге шейін техникалық құжаттары әзірленбеген, жер де уақытылы бөлінбеген. Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі болып жатқан барлық мәселені дереу шешуді тапсырды.
Қуандық Танабас