Тоқаев: Бюрократия мен қағазбастылыққа тосқауыл қоятын уақыт жетті

Тоқаев: Бюрократия мен қағазбастылыққа тосқауыл қоятын уақыт жетті

Мемлекет басшысы ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе еріктілерді қызметке тартудың мәні зор деп санайды.

Бұл ретте Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар аударды.

– Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.

– Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекеттік қызметті неғұрлым озық салаға айналдыру қажет екенін айтты

– Жылдар бойы жауыр болған бюрократияға, қағазбастылыққа үзілді-кесілді тосқауыл қоятын уақыт жетті. Мемлекеттік қызмет жүйесінде барлық үдеріс ашық болуға тиіс. «Мемлекет адам үшін» қызмет етуі керек. Елімізде азаматтардың мүддесін толық қорғайтын мемлекеттік қызмет моделін, үлгісін қалыптастыру қажет. Сондықтан уақыт талабына сай келетін және қоғам сұранысына жауап беретін жаңа жұмыс тәсілдерін енгізген жөн. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын шынайы бағалайтын нақты өлшемдер болуға тиіс. Бұл – бағалау жүйесін ұдайы жаңартып отыру қажет деген сөз. Мемлекеттік қызметшінің іс жүзінде атқарған жұмысы міндетті түрде ескерілуі керек. Ең бастысы, әрбір қызметші еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерге сәйкес барынша тиімді жұмыс істеуге дайын болуы қажет, – деді Президент.

Бұл ретте IT-шешімдер арқылы мемлекеттік қызмет жүйесін оңтайландыру маңызды.

– Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.