Мемлекет басшысы Сиань портындағы Қазақстан терминалын іске қосты
Сиань қаласының құрғақ портындағы Қазақстан терминалы өз жұмысын бастады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қос елдің бірлескен жобасын телекөпір арқылы іске қосты. Оның ашылу рәсімінде Президент саудаға серпіліс беретін бастама екі мемлекеттің бірлігін күшейтетініне сенім білдірді.
- Көлік-логистика орталығының ашылуы Қазақстан мен Қытай үшін өте маңызды оқиға. Бұл екі елдің стратегиялық серіктестігін нығайта түсетін бастама. Бірлескен орталықты іске қосайық. Бастаңыздар.
Жобаның маңызына тоқталсақ. Қытай мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 процентіне жуығы дәл осы жерден жөнелтіледі. Ал қазақстандық терминалдың қуаты жылына 70 мың жиырма футтық эквивалентке жуықтайды. Сол арқылы енді ел экспорттаушылары үшін жаңа нарықтар ашылып, жүктерді жеткізу мерзімі едәуір қысқармақ. Сондай-ақ бұл бастама Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.