Президент Шуша қаласына барды

Қазақстан бауырлас елге Қарабақты қалпына келтіру ісіне атсалысады.

Әзербайжанға жасаған мемлекеттік сапарының екінші күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Физули қаласына барды. Мұнда қазақ басшысы басқыншылардан босаған шаһардың қазіргі жай-күйін көріп, қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Сондай-ақ бауырлас елге қазақ халқынан гуманитарлық тарту ретінде Физулиде салынған Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Бауырлас елге жасаған мемлекеттік сапардың екінші күні қазақ басшысы Қарабаққа барды. Қасым-Жомарт Тоқаевты Физули қаласының әуежайында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құшақ жая қарсы алды. Көлікті өзі тізгіндеп, Физули қаласына жол тартты.

Риат Шони, тілші:

- Бұл тас үйінділер Қарабақтағы Физули қаласының көне орталығы. 1993 жылы бұл аумақты Арменияның қарулы күштері басып алған болатын. Содан бері 30 жыл бойы бұл жер БҰҰ ҚК резолюциясына сай басып алынған аумақ ретінде есептеліп келген. Ал осыдан 4 жыл бұрын Қарабақ қақытығысында әзербайжандықтар бұл территорияны өздеріне қайтарып, аумақты қарқынды түрде дамытып, көркейтіп жатыр.

Шаһарға жеткен Қазақстан мен Әзербайжан президенттері қаланы дамытудың бас жоспарымен танысты. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, бұл жерде енді ашық аспан астындағы музей болады. Ал жолдың арғы бетінде құрылыс қарқынды жүруде.

Риат Шони, тілші:

- Қарабақты босату операциясында әзербайжандық сарбаздар дәл осы жолмен жеңіске жеткенге дейін жүріп өткен екен. Физулидағы алғашқы салынған құрылыстың бірі дәл осы жол. Қазір қаланы көркейту жұмыстары жүріп жатыр. Мінеки осындай алып ғимараттар тұрғызылуда.

Қазір бұл шаһарда 38 көп қабатты ғимарат салынып жатыр. Ал былтыр мамыр айында қала ішіндегі көшелер мен жолдар желісінің негізі қаланып, ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары басталған. Сондай-ақ цифрлық қосалқы станция мен «Физули» басқару орталығы іске қосылды. Басқыншылардан босаған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан да белсенді атсалысуда.

Баку, Әзербайжан

2022 жыл 24 тамыз

Соның айқын көрінісі Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы. Келбеті келіскен зәулім ғимарат бауырлас елге қазақ халқының гуманитарлық тартуы. Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан 1,5 жыл бұрын Әзербайжанға ресми сапармен барған кезде Ильхам Әлиевке Физулиде осындай  орталық салынатынын айтқан еді.

Физули, Әзербайжан

Айтылған сөз аяқсыз қалмады. Бүгін қазақ басшысы ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл Қазақстан халқының тартуы. Менің жеке тапсырмам бойынша аталған сыйлықты жекеменшік BI Group компаниясы бүкіл халықтың атынан шын жүректен ұсынып отыр. Орталық елдеріміз арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайтуға қызмет етеді деп ойлаймын. Сіздерге табыс пен бақ-береке тілеймін. Әзербайжанның осы қасиетті өлкесі қарыштап дами беретініне сенімдімін.

Бауырлас елге осындай сый жасағаны үшін Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына алғыс айтты. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайтындығын жеткізді. Зәулім орталық 1,5 гектар аумақта орналасқан. Екі қабатты ғимаратта 600 баланың бірнеше ауысыммен мектептен тыс білім алуына барлық қажетті жағдай жасалған.

Дәулет Жанәбілов, Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығы жобасының жетекшісі:

- Ғимарат 9 ай ішінде салынды. Бұнда балалар мектептен тыс уақыт өткізе алатындай бар жағдай жасалған. әріс залы, шахмат, мүсін студиясы, хореография және спорт залдары, дыбыс жазу кабинеті, музыка және робототехника кабинеттері бар. Сондай-ақ орталықтың аумағында аббаттандырып, балалар алаңын салдық. Алтыбақан орнатып, киіз үй де құрып қойдық.

Заманауи ортылықпен танысып болғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық ұжымына Құрманғазы домбырасының көшірмесін, сондай-ақ білім ошағының тәрбиеленушілерін таситын автобусты сыйға тартты. Қарабақты жаңғырту ісіне қазақстандық компаниялар белсенді атсалысуда. Мәселен, мына жерде Физули қаласының орталық ауруханасы бой көтереді. Ғимаратты қазақстандық компания тұрғызады. Емдеу мекемесі 180 төсек-орынға есептелген. Нысанның жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Физули қаласындағы орталық аурухана құрылысының жоспарымен де танысты. Медициналық мекемеде стационарлық қызмет көрсететін кардиология, неврология, гинекология, гемодиализ, хирургия, және жұқпалы аурулар бөлімдерін ашу жоспарланып отыр.

ШУША, ӘЗЕРБАЙЖАН

Физулиден соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Шуша қаласына барды. 

Риат Шони, тілші:

- 3 ғасырлық тарихы бар Шуша қаласы. Әзербайжанның мәдени астанасы болып саналады. Жалпы Әзербайжан интеллегенциясының 50 пайызға жуығы дәл осы Шуша қаласының тумасы болып келеді екен. Ал 30 жыл өзгенің қолында болған бұл шаһарда біраз мәдени нысандар қатты бүлінген. Тіпті мына мүсіндерде де оқтың ізін аңғаруға болады. Айта кету керек, бұл мүсіндер кезінде тіпті темір-терсекке де өткізіп жіберу қаупінде болған. Оны Әзербайжан билігі құтқарып қалып, өзінің тарихи орнынан әкеп қайта орнатқан.

Шуша қаласына келген қос ел президенті Қарабақ баурайында орналасқан шаһардың бас жоспарымен танысты. Тағы аймақтың көрнекті жерлерін аралап көрді. Оның ішінде орталық алаң, «Саатлы» мешіті, тау қыратындағы «Джыдыр дюзю» алаңы, «Бюль-Бюль» мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрме бар. Қазір Шуша қаласында қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бірнеше қонақ үй, музей және мешіттер бой көтерген. Сондай-ақ көне шаһарда түрлі сала мамандарының қатысуымен нысандарды бағалау және түгендеу жұмыстары атқарылып жатыр.

Риат Шони, Марат Диханбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев