Жастар қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр – Мемлекет басшысы

Жастар қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр – Мемлекет басшысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде осылай деді.

Тағы бір іргелі құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын – деді Мемлекет басшысы.

Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады.

Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді – деді ол.

Келесі құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс.

Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды.  Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз – деді Президент.

Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар.

Басқаша айтсақ, жауапкершілік болмаса, әділдік те болмайды. Әркім өз ісіне, міндетіне жауапкершілікпен қараса, жеке азамат та, бүкіл ел де табысқа жетеді. Әділдіктің қуаты – осында – деді Мемлекет басшысы.

Тағы бір маңызды құндылық бұл – заң және тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида.

Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек. Заңға қайшы келетін, қоғамға іріткі салатын және арандатушылық пиғылдағы кез келген әрекетке қатаң тыйым салынады. Біз «жасампаз плюрализмді толық  қолдаймыз, елге іріткі салатын радикализмге түбегейлі қарсымыз» деген қағидатты берік ұстанамыз. Ел ішіндегі тәртіпке әрқайсымыз жауаптымыз. Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті  қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта – деді Тоқаев.

Құқықтық мәдениеттің деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері.

Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар. Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келесі маңызды құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады.

Мен, Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. «Туған жерге туың тік» дейді халқымыз. Өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматтарымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені. Оның қай түкпірі де – біздің туған жеріміз. Жастар еліміздің барлық аймағын бірдей жақсы көріп, тұтас еліміздің дамуына үлес қосқаны абзал. Мен облыстарға сапар кезінде жастардың көбі туған ауылынан сыртқа шығуға құлықсыз екенін байқаймын. Менің тапсырмаммен алдыңғы жылы батыс аймақтың жастары үшін 10 мың білім гранты бөлінді. Өкінішке қарай, сол гранттың көбі игерілмей қалды. Сондықтан грант санын еселеп қысқартуға тура келді. Яғни, жастарымыз қолда бар мүмкіндікті пайдаланбай отыр – деді Мемлекет басшысы.

Өмір бойы бір жерде, бір ауылда отырған жастардың келешегі және көзқарасы қандай болады?

Бұл сұрақтың жауабы – анық. Айтпаса да түсінікті. Шын мәнінде, бұған үлкендер де кінәлі. Көбінесе, ата-аналар баласын алысқа жібергісі келмейді. Соның кесірінен көптеген жастар еңбек нарығында бәсекеге қабілетсіз болып, әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отыр. Бұл – масылдық деген сөз – деді ол.