Тоқаев: Бұл – өте маңызды!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде елдік құндылықтар туралы айтты.
Негізгі құндылықтарымызды бұқаралық ақпарат құралдары мен креативті индустрия, әсіресе, кино, музыка және әдебиет арқылы дәріптеу аса маңызды. Салалық ведомство көпшіліктің қызығушылығын туғызатын тың жобалар ұсынуға тиіс. Жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік билік те маңызды рөл атқарады. Орталық пен аймақтар тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Мысалы, ел ішіндегі еңбек көші-қонын жандандыру мәселесі бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктері өзара үйлесімді әрекет етіп, жұмыла жұмыс істеуі қажет – деді Мемлекет басшысы.
Ұсынылып отырған құндылықтар жүйесі ағартушылар мен қоғам белсенділеріне бағыт-бағдар бола алады.
Озық құндылықтар біздің болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуы үшін оны қоғамда жан-жақты дәріптеудің тиімді тәсілдерін іздеу, ұсыну және тарату қажет. Сіздер, Ұлттық Құрылтайдың мүшелері, осы күрделі әрі маңызды жұмыстың алғы шебінде болуға тиіссіздер. Сырттан келмеген, өмірден іргесін ажыратпаған бұл құндылықтар төл тарихымызға, мәдениетімізге, болашаққа ұмтылысымызға негізделген. Сондай-ақ барша азаматтарымыздың мүддесіне сай келеді. Оны кеңінен дәріптеп, ілгерілету үшін мемлекеттік аппарат пен қоғамдық күштердің бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс істеуі қажет. Президент Әкімшілігіне бұл жұмысты бақылауға алуды және идеология саласындағы міндеттерді орындау үшін кешенді жоспар жасауды тапсырамын – деді Мемлекет басшысы.
Елімізді жан-жақты жаңғырту үшін кең ауқымды жұмыс жасалып жатыр. Бүгінгі айтылған бастамалар – соның бір бөлігі ғана.
Көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер әлі де бар. Оның бәрі халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер етеді. Біз оны біртіндеп шешіп жатырмыз. Бірақ барлығын бір күнде реттеу мүмкін емес. Сондықтан оған уақыт, түсіністік және сабыр қажет. Дүние жүзінде қалыптасып отырған аса күрделі ахуал жағдайды ушықтырып тұр. Кейбір саясаткерлердің жауапсыз мәлімдемесін өздеріңіз оқып жатырсыздар, олар түрлі арандатушыларға дем беруде – деді Президент.
Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз.
Әрине, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан, тек алға ұмтылуымыз керек. Соңғы бес жылда көптеген маңызды бастаманы жүзеге асырдық. Нәтижесінде Қазақстан саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерді. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Үкіметке экономиканы түбегейлі реформалау үшін барлық құзырет берілді. Халқымыз оның нәтижесін көп ұзамай көреді деп сенемін. Бірақ ең бастысы – нақты мақсат қойып, соған ұмтылу. Осыны жете түсінген жөн. Әр азамат еліміздің қайда бет алғанын, ертеңіміз қандай болатынын білуі керек. Бұл – өте маңызды – деді Тоқаев.