Тоқаев: Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысындағы сөзінде осылай деді.
Келесі құндылық – жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті, біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз. Біз адам капиталына арқа сүйесек, өзіміз белгілеген ауқымды өзгерістердің бәрін жүзеге асыра аламыз. Елімізде талантты азаматтар аз емес. Олар тың амал-тәсілдер қолданып, батыл шешімдер қабылдағанының арқасында түрлі салада зор табысқа жетіп жүр – деді Президент.
Соңғы жылдары креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Қазақстанның мәдени толқыны кең қанат жайып, өрендеріміз аймақтық және жаһандық деңгейде таныла бастағаны кездейсоқтық емес.
Ұлтымыздың орасан зор жасампаздық әлеуеті кино, музыка, әдебиет және өнердің басқа да жаңа салаларында айқын көрініс тапқан. Креативті индустрия экономикамызды өркендетуге тың серпін беретініне сенемін. Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақстан жаппай цифрланған және жасанды интеллект жүйесі қарқынды дамыған елге айналуға тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз. Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді – деді Тоқаев.
Біз барлық салада цифрлы номадтар өркениетінің озық стандарттарына сай болуымыз керек.
Жастарымыздың әлеуеті мен менталитеті, қарым-қабілетіне қарасақ, «Қазақстанның қарышты қадамын» жасауға біздің толық мүмкіндігіміз бар екені байқалады. Басқа-басқа, бірақ дәл осы жерде батыл қимылдап, құлашымызды кең сермеуден қорықпау керек. Әрине, мұның бәрі қатып қалған қағида емес. Алайда, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар бола алады. Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек – деді Мемлекет басшысы.
Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды.
Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек. Өздеріңізге мәлім, соңғы бес жылда біз әртүрлі құндылықтар жайлы жиі пікір алмасып, ой елегінен өткіздік. Оның бәрі уақытша ғана мәні бар жалаң тақырыптарды талқылау емес, идеология саласында жүргізілетін кешенді жұмыстың нақты бағдарын айқындау үшін жасалды – деді ол.
Ол өзі атап өткен идеялық негіздерді басшылыққа алса ұлтымыздың дамуы жақсаратынын атап өтті.
Мен бүгін маңызды идеологиялық тұжырымдарымыз бен негізгі бағыттарымыз туралы тарқатып айтып бердім. Тағы да бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады. Құзырлы мемлекеттік органдардың бәрі өз жұмысын қайта қарап, осы тұғырнамаға үйлестіруі қажет – деді Тоқаев.
Атап айтқанда, Оқу-ағарту министрлігі мектептегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру тәсілдерін жаңартуға тиіс.
Сонымен қатар жоғары оқу орындары мен колледждер студенттермен жүргізілетін жұмысқа осы құндылықтарды үйлестіре кіріктіруі керек. Аталған идеалдар Қарулы күштеріміздің әскери-патриоттық іс-шараларына да арқау болуы қажет – деді Мемлекет басшысы.