Президент сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын көбейтуді тапсырды
Биыл Үкімет ауқымды 4 инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруы тиіс.
Ұлттық құрылтайдың 3-отырысында Президент министрлер кабинетіне осындай міндетті жүктеді. Атап айтқанда, елді мекендерге газ тарту, жол салу, инженерлік жүйелерді жаңғырту мен жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елдің транзиттік әлеуетін арттыруды да тапсырды.
Биыл Үкімет ауқымды 4 инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруы тиіс. Ұлттық құрылтайдың 3-ші отырысында Президент министрлер кабинетіне жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеуді тапсырды. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйені жаңғырту ісі тағы бар. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл қадам азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін коммуналдық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алуды да жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін баспана санын бірнеше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отандасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үй алуына жол ашады.
Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Жасыратыны жоқ, қазір елде су мәселесі өте өзекті. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады, дейді Президент. Сондықтан мемлекет басшысы халықты осы жаман дерттен арылуға шақырды.
-Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз. Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе.
Үнемдеу тек табиғи ресустраға ғана емес, сонымен қатар қазынадағы қаржыға да қатысты. Ақшаны оңды-солды жұмсауға болмайды, бұл ақиқат. Мемлекеттік мекемелердің бюджетін тексеріп отырмаса, шығын ұлғая береді. Мұны қатаң бақылауда ұстау керек, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Тағы да қайталап айтамын. Қаражат ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсалуы қажет. Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп отырмыз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда ұлттық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлттық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өттім. Бұл жерде ұлттық деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азаматтық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр. Яғни елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақстанды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлттық буржуазия керек.
Осы ретте Президент алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысатын кәсіпкерлер жайлы да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қалталы азаматтарды өз мүддесін ғана емес, ел экономикасының түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс беруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Басқа жұртқа қараңыздар. Көптеген елдің, тіпті көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше туған елін дамытуға өз еркімен қыруар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауы тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет.
Жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындар алдағы уақытта ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қатыса алады. Нақтырақ айтқанда, жол салу және оны жөндеу, елді мекендерге газ тарту жұмыстары. Бүгін Президент экономиканың дамуына тың серпін беру үшін елде кемі 12 мың шақырымды қамтитын автокөлік жолын салуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұдан бөлек Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру барысында жергілікті бизнес пен отандық кәсіпорындардың мүмкіндігін толық іске жарату қажет.
Президент атаған ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін әрине көп көлемде қаражат қажет. Бұл ақшаы бізге еліміз арқылы өтетін транзит әкеле алады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Еуразия құрлығындағы негізгі транзиттік хабтың біріне айналдыру керектігін бір емес, бірнеше рет айтқан болатын. Ол үшін батыл қадамдар жасалуы керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз еліміздің аумағы арқылы өтетін көлік дәліздерін біртіндеп дамытып, сыртқы сауда айналымының ұлғаюына барынша жағдай жасауымыз керек. Сол үшін логистика орталықтары мен қоймалар салып, темір жол құрылысының қарқынын арттырамыз. Сондай-ақ теңіз тасымалының инфрақұрылымын жақсартып, өзгертуге ыңғайлы тариф саясатын жүргіземіз. Мұның бәрі еліміздің тұрған жерін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Экономиканың көптеген саласын дамытуға септігін тигізеді.
Болашағы зор тағы бір бағыт – IT-технологиялар. Елде осы жылдың соңына дейін суперкомпьютер жасап, жаңа дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Тағы Каспий теңізінің түбі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу көзделіп отыр. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлы дәліз орнатуға жол ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен жақында «Қазақстан темір жолы» компаниясының Инновация орталығында болдым. Орталық қызметінің арқасында еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға мүмкіндік бететін озық технология осы салаға енгізіліп жатыр. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің білікті IT-мамандары жұмылдырылды. Темір жолдың өткізу қабілетінің артуы, жанар-жағармайдың үнемделуі және компания табысының көбеюі цифрландыру ісінің нақты әрі көзге көрінетін нәтижесі. Цифрлы экожүйені осылай қалыптастыру керек. Үкімет осы жұмыстың ауқымын кеңейтіп, оны экономиканың барлық саласына енгізуге тиіс.
Үкіметтен бөлек жергілікті атқарушы биліктің де атқаруы тиіс міндеті шаш етектен. Әсіресе атыраулықтарды. Қазір өңірде экология мәселесі өзекті. Қалада кәріз жүйесін, су құбырын салу өте маңызды. Инфрақұрылым әбден ескірген. Соның кесірінен жерасты сулары және Жайық өзені ластанып жатыр. Облыс орталығында қоқысты сұрыптауға және өңдеуге қатысты түйткілдер бар. Осы ретте Президент жауаптыларға бірқатар міндет жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Атырауда қоқыс сұрыптайтын кешен салынған. Әкімдік оны жақын арада іске қосуға тиіс. Сондай-ақ қоқыс полигонын дереу ретке келтіруі қажет. Бұл мәселелер міндетті түрде өз шешімін табуы керек. Қазір осыған байланысты нақты жұмыс жасалып жатыр. Үкіметке және облыс әкімдігіне бұл маңызды жұмысты аяғына дейін жеткізуді тапсырамын. Бұл мәселе менің бақылауымда болады. Жалпы Атырау облысының дамуына ерекше мән беру керек. Сондықтан Үкімет пен әкімдік арнайы жоспар бойынша жұмыс істейді.
Бұдан бөлек өңірде сақалды құрылысқа айналған Онкология орталығы келесі жылы қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Радиология корпусының құрылысын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Бұл нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Бұндай түйткілді мәселелерді шешуде осындай алқалы жиындардың аймақтарда өткізу де себеп болып отыр. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз, деді Президент. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысы келесі жылы Көкшетауда өтеді.
Риат Шони