Неофиттер жат діни идеалдарды қоғамға таңып жатыр – Президент
Құрылтай ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, елдік дамуға қатысты маңызды бастамаларды көтерді. Әлеуметтік, идеологиялық бағдарымызды айқындап, нақты шараларды қолға алуымыз керектігін алға тартты. Ұлттық құндылықтарды да жаңғырту турасында пікір білдірді.
Бекзат Аманов, тілші:
- Ұлттық құрылтай биыл Амал мерекесімен қатар келді. Сөйтіп, Рамазан айының алғашқы жұмасында жалғасын тапты. Мұндай атаулы күндер келелі кеңеске айрықша маңыз береді. Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарса, құрылтай қоғамдық құндылықтарды жаңғыртады. Президент те отырыстағы сөзін "жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады" деп бастады.
Қалың қарашаның ой-пікірі, сана-сезімі мен ділі қай арнаға бұрылды? Бұл халық тағдырын шешетін маңызды сұрақ. Кей аға бағдар болмаған соң адасып кеткен жас аз емес. Олардың бірі лудоман, бірі наркоман. Ал енді бірі бабасын мақтап, басқасын даттауға бейім. Құрылтайда Президент осы мәселенің себебі мен салдарын жіктеп-жіліктер берді. Мемлекет басшысы, ең алдымен, ел ынтымағына тоқталды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Әсіресе жастарға сөзі өтетін аға буын араздықтың алдын алса деген тілек бар. Сол үшін Президент "ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек, олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет" деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халқымыздың көрнекті тұлғалары бірін-бірі мойындап, өзара құрмет көрсете білсе, ұлтымыз ұйыса түседі деп айтты. Қазір ертеде өткен оқиғаларға, белгілі бір тұлғаларға қатысты талқылау көбейіп барады. Қаламгерлеріміз, тіпті Шыңғыс ханның тегі кім деп, айтысып-тартысып жататын болды. Кеңес заманындағы тұлғаларды, әсіресе Алаш көсемдері мен Кеңес қайраткерлерін салыстырып, бір-біріне қарсы қояды. Дәл осындай сөз тартыстарының ақиқатына жету қиын, жеткеннің өзінде ел ішіне іріткі салатын мұндай дау-дамайдың еш қажеті жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.
Жалпы ұлттық құндылықты жаңғырту енді басталады деуге болады. Мысалы енді елде Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтеді. Сондай-ақ Алтын Орда мұрасы зерттеледі. Осы арқылы қазақты әлем тануы тиіс. Бұл үшін көркем сериал түсірілімі де басталып кеткен.
Бекзат Аманов, тілші:
- Ұлттық құрылтай биыл да салмақты сараптама, ұстамды ұсыныс һәм оймақты ойға толы болды. Халқымызда келісіп пішкен тон келте болмас деген тәмсіл бар. Демек, кеңесте жан-жақты талқыдан өткен әр шешім ұлт үшін қызмет етпек. Айтпақшы, келесі құрылтайды президент Көкшетау өңірінде өткізуді ұсынды.
Бекзат Аманов, Жандос Битабаров, Дулат Ентебеков