Қ. Тоқаев БҚО-дағы су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын өткізді

Қ. Тоқаев БҚО-дағы су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысын өткізді
www.akorda.kz/kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

– Қазір тиісті мекемелердің бәрі белсенді түрде жұмыс істеп жатыр.  Бірқатар аймақты қарғын су басып қалды. Кейбір жерде тасқын су көтеріліп жатыр. Бұл – табиғи апат. Қысқасы, алдымызда тұрған жұмыс өте ауқымды. Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек. Басқа жол жоқ. Тасқын судың салдарын жою үшін нақты шаралар қолға алынды. Қауіп-қатердің алдын алу жұмыстары атқарылуда. Менің тапсырмам бойынша облыстардың әкімдері жұмысқа белсенді кірісті, – деді Президент.

Мемлекет басшысы су тасқынына қатысты жағдай әлі де өте күрделі екенін атап өтіп, мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды.  Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Алайда қазіргі су тасқыны одан әлдеқайда ауқымды.

– Мен зардап шеккен аудандарды аралап шықтым. Апаттың ауқымын, шығынды көріп отырмын. Қаншама дүние-мүлік, электр желілері судың астында қалды. Жолдар мен көпірлер шайылып кетті.  Барлық негізгі мәселе шешілгеннен кейінгі ең басты міндет – қайта қалпына келтіру. Үкіметке жаңа типтегі үйлер салу немесе бұрыннан бар үйлерді реконструкциялау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырдым. Бұл мәселені оңтайлы шешеміз деп ойлаймын. Ахуалдың ауыр екенін бұған дейін де айттым. Үкіметтің, Республикалық штабтың жетекшілігімен облыс әкімдері бұл міндетті дұрыс атқарады деп санаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы болжамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты.  

– Бұл – табиғи құбылыс екенін бәріміз түсінеміз.  Қардың еруі және тоңның қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөлшері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті.  Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл – болжам, сараптама жасау сипатындағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжам деректерін мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдайдың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының  кері әсерін  алдын ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына  тоқталды.

– Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып,  гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта су тасқынының алдын алу  шараларына  айрықша мән беруді тапсырды.

–  Көктем мезгілінде қар шығару,  өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу  қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін су қоймаларын салу маңызды екенін айтты. Соның арқасында көктем-жаз мезгілінде шаруашылық үшін қажетті су қорын сақтауға мүмкіндік болады. 

– Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек. 

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева баяндама жасады.