Президент Ғылым және жоғары білім министріне тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Саясат Нұрбек басқаратын министрлікке арнайы тапсырма берді.
ТӨРТІНШІ. Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет. Соңғы жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады.
Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын. Жалпы университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір баллынан да аспайды. Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек – деді Тоқаев.
Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді.
Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Бюджет кодексіндегі «грант» ұғымының аясын кеңейту қажет. Ғылыми зерттеуге қажетті құрал-жабдық алуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы еш кедергісіз бөлінуі керек. Жалпы еліміздегі жоғары білім саласын дамытуға тозығы жеткен инфрақұрылым да бөгет болып отыр. Мемлекеттік жоғары оқу орындарының ғимараттары ескірген. Көбі жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Бұлардың ішіндегі ең жаңа дегені – 1982 жылы бой көтерген Ақтөбе мемлекеттік университеті. Осы орайда менің тапсырмаммен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін жаңа ғимараттар, яғни кампустар салынады – деді Президент.
Басқа да жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту керек. Университеттердің және зерттеу орталықтарының ескірген зертханаларын біртіндеп қалыпқа келтіру қажет.
Медицина ғылымында нәтижелі ізденістер бар. Қатерлі ісікке қарсы отандық ғалым Дос Сарбасов ойлап тапқан бірегей препарат – соның жарқын мысалы. Мұндай жобаларды жан-жақты қолдау керек. Ғалым Сарбасовтың Қазақстанда клиникалық зерттеулер хабын құру жөніндегі ұсынысын ескерген жөн деп санаймын. Еліміздегі жоғары оқу орындары арасында өңірлік теңсіздік байқалады. Мықты университеттердің көбі Астана мен Алматыда орналасқан. Бұл ішкі көші-қон жүйесінің бұзылуына және өңірлердегі кадр тапшылығына әкеп соқтырады – деді ол.
Ғылым мен жоғары білімнің біртұтас дамуын қамтамасыз ету үшін бұған дейін 15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орнының базасында Академиялық басымдық орталықтарын құруды тапсырған.
Үкімет жоғары оқу орындарының зерттеушілік бағытын дамытып, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы осы жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруы керек. Мұндай орталықтар көптеген елде табысты жұмыс істейді. Бұл елдердің экономика құрылымында ғылыми инновация мен білім беру қызметтері экспортының үлесі зор. Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін жас ғалымдар күшейте алады. Мұны дамыған мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі олар мобильді әрі өзгерістерге тез бейімделеді. Оларды өңірлік жоғары оқу орындарында еңбек етуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге ынталандыратын пәрменді механизмдер қажет. Жалпы, Үкімет ел аумағындағы ғылыми орталықтар мен институттарды қолдап, дамыту үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдағаны жөн – деді Президент.