Тоқаев пен Пашинян кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді
Шағын форматта өткен кездесуден кейін келіссөз ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға шақырғаны үшін Никол Пашинянға алғыс айтып, Қазақстан Президенті ретінде Арменияға алғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті. Сондай-ақ ықпалдастықты одан әрі дамытудың перспективті бағыттарын айқындап берді. Оның айтуынша, ең өзекті міндет, экономикалық қарым-қатынасты сапасы мен мазмұны жағынан байыта түсу. Өзара сауда-саттықты ұлғайту үшін азық-түлік секторында, инвестиция, көлік-логистика, IT-индустрия және құрылыс салаларында айтарлықтай резерв бар. Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақстан Президентінің Арменияға алғашқы сапары, мол мүмкіндіктерге жол ашатынына тоқталды. "Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңызы зор. Келіссөздер барысында кең ауқымды мәселелерді қарастырдық", – деді Армения Премьер-министрі. Жиын қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Президенттің Ереванға ресми сапары аясында түрлі саланы қамтитын 10 құжатқа қол қойылды.