Тоқаев: Алдағы он күн шешуші болады

«Ас та төк жиын» мен шығыны мол шаралар уақытша өтпейді.

Қарғынның қаупіне және қаржыны үнемдеуге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай шешім қабылдады. Үкімет пен өзге де мемлекеттік органдарға ірі имидждік шараларды тоқтатуды тапсырды.

Бүгін мемлекет басшысы су тасып жатқан аймақтардың бірі Солтүстік Қазақстан облысына барды. Жұмыс сапарында қамкөңіл қарашамен кездесіп, барлық шығын өтелетінін тағы бір мәрте айтты. Алдағы 10 күнде келетін қауіпті еңсеру Қызылжар халқы үшін өте маңызды. Сол үшін Президент су қоймаларын аралады.

Президенттің жұмыс сапары өңірдің ахуалымен танысудан басталды. Мұнда облыс орталығына, Сергеевка су қоймасы мен Қызылжар ауданына қауіп төнген. Қасым-Жомарт Тоқаев осы аймақтың жағдайын барлап-бағамдап көрді. 6 ауданда төтенше жағдай жарияланған. 2 мыңнан астам үйді су басып, 10 мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді. Ал осы тасқынға тосқын болудың амалын мыңға жуық техниканы тізгіндеген 5 мыңнан аса маман іздеп әлек.

Графика

                СҚО ахуалы

ТЖ жарияланған аудан – 6             Су басқан үй – 2 мыңнан астам     Эвакуацияланған тұрғын – 10  345

                        

                                            Су тасқынымен күреске жұмылдырылды

                                5270 адам                                                                          906 техника

Қ. Тоқаев тұрғындармен кездесті

Қарғынның кесірінен талай үй қирады, қарашаның маңдай терімен жиған малы қырылды. Қазір тұрғындар эвакуациялық пунктерді паналауға мәжбүр. Президент көңілі алаң болған осы ағайынға арнайы кіріп шықты. Әңгімелесіп, қал-жағдайларын сұрады. Мемлекет ешбір азаматты назардан тыс қалдырмайтынын айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

–  Бұл жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Бұған дейін айтқанымдай, Үкімет зардап шеккен азаматтардың барлығына қолдау көрсетеді. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл мен үшін басты міндет.

Қазір зардап шеккен жандардың әрқайсысына бір реттік көмек беріліп жатыр. Мүлік шығындарын есептегеннен кейін олар тағы өтемақы алады. Тұрғын үйі жарамсыз жандарға жаңа баспана салынады, қажетті инфрақұрылыммен қамтылады. Тіпті  несие төлеу мерзімі шегеріледі. Жағымды жаңалықты тұрғындарға Президенттің өзі жеткізді. Мұндай мезірет апаттан енді ес жиып жатқан халықтың еңсесін тіктейтіні анық.

- Сіз өзіңіз айтып өттіңіз, ешқандай адам назардан тыс қалмайды деп. Қазақстанның бірінші байлығы халық. Адам шығынынан аманбыз. Қайғы-қасірет біздің елімізде болмасын. Сізге рақмет, алғысымызды білдіреміз. Сіз айтқандай қаражат бөлініп, адамдар сырттан тыс қалмаса екен деп тілекстепіз.

- Бәріміздің алдымызда тұрғын мақсат ең алдымен халыққа көмектесу.

Ел ауыр сынаққа тап болды. Оны еңсеру үшін бірлік керек. Қазір тасқынға тосқын болу үшін жергілікті тұрғындар және алыс-жақын өңірден жиналған еріктілер барын салуда. Осынау қиын-қыстау сәтте мемлекет те ауқымды шаралардан бас тартатын болды. Президент имидждік ірі жиындарды тоқтатуды тапсырды. Бұл шешім бюджет қаржысын біршама үнемдейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады.

Атқамінерлер осы сындарлы сәттен сабақпен шығу керек. Президент апаттың алдын алатын ескерту жүйесі жетіспейтінін жеткізді. Мамандар да тапшы. Тұрғындар бұл пікірмен келіседі. Жиылған халық та, Президент те кездесуден алғыспен тарқасты. 

-  Мен осы апатқа түстім, бірақ сіздің сөзіңіз. Сіз келіп қандавй көмек айтып жатсыз, біз сенеміз сізге. 

Қ. Тоқаев: Алдағы 10 күн шешуші болады 

Ал бұл Петропавл су торабы. Іргетасы 1973 жылы қаланған нысан жақын маңдағы су қоймаларын толтырып, Есіл өзенінің ағысын реттейді. Айлада биыл мұз кептеліп, су деңгейі күрт көтерілді. Көп ұзамай сең жүрді, салдарынан дәл осы осы торап істен шықты. Айналасындағы ауыл-аймақты су басты. Президент мұндағы ахуалмен де танысты. Өңір әкімі жағдайды баяндап, қызыл сумен күреске 2500 ерікті жұмылдырылғанын айтты. Аймаққа 300 тонна гуманитарлық көмек келді. Әскерилер де белсене еңбек етуде.

Ержан Ыбыраев, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

- Төтенше жағдайдың зардаптарын жою үшін қорғаныс ведомствосының 700 әскери қызметшісі мен 33 техникасы жұмылдырылды. Әскерилердің негізгі күші қаптарды құммен толтырып, бөгеттер салып жатыр. Оған қоса Петропавл қаласының маңындағы аудандар мен Қызылжар ауданының елді мекендеріне жақын жағалауларды нығайтудамыз. Жалпы ұзындығы 15 шақырымнан асатын бөгет салуға атсалыстық.

Бұл 100 жылда бір болатын жағдай. Мамандар осылай деп отыр. Бірақ су кемеріне әлі келген жоқ. Алда шешуші 10 күн бар. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Ибатуллин Шұғайып, "Қазсушар" РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры

- Алдағы 10 күн ең шешуші болайын деп жатыр.

- Солай я 1 жұма әрі кетсе 10 күннің ішінде судың түсу деңгейін тосып отырмыз.

- Су кетеді ғой енді. Біз осындайдан сабақ алуымыз керек. 

Қауіптің бетін қайтару үшін барлық амал қарастырылған. Жағдайды қадағалайтын жылжымалы басқару пункті жабдықталды. Әр 2,5 сағат сайын жергілікті жердің 2D форматты картасы арқылы ақпарат беруге қабілетті ұшқышсыз басқарылатын барлаушы ұшу аппараты пайдаланылады. Сондай-ақ тәулік бойы ұша алатын әрі термовизиялық камерасы бар дрон қолданылады. Бұл іс ең алдымен, тұрғындардың саулығын сақтауға бағытталады. Президент алда келетін қауіпті тиянақты дайындалып, жағдайды жіті бақылауға алу маңызды екенін айтты. 

Бекзат Аманов