Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесіне байланысты ірі бизнесмендермен кездеседі
Forbes тізіміндегі қалталы кәсіпкерлер су тасқыны салдарын еңсеруге көмектеседі.
Мемлекет басшысы ірі бизнесмендермен арнайы кездеспек. Сөйтіп, оларға әр облыс-аудан бекітіліп, нақты міндет жүктеледі. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай жұртшылығымен жүздесуінде айтты.
Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Тобылға ұшып барды. Мұнда да әуелі әуеге көтеріліп, ахуалды көктен бағамдады. Кейін тұрғындар мен және еріктілермен кездесті.
Қарғын қостанайлықтарды да қапыда қалдырды. 11 ауыл мен 7 жол учаскесін су шайып, 4 көпір қирады. Аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекен тоқтан ажырады. Қазір жағдай біршама тұрақталған. Дегенмен, 51 үй әлі су астында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Саламатсыздар, қалдарыңыз қалай? Көріп отырмын, қиын жағдайға ұшырадық. Бұл табиғи апат. Бәріміз ел, ұжым болып еңсеруіміз керек.
Су тасқынына зардап шеккендердің бір сыпырасы бүгін Тобыл қаласындағы жедел штабқа жиналды. Мұнда олар Президентпен кездесіп, сұрақтарына жауап алды. Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық белсенділік танытқан азаматтарға алғыс айтты. Сондай-ақ мемлекеттің қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілгенін, қаражат зардап шеккен халыққа бөлінетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Өтемақы – басты мәселе. Шығын өтеледі. Сонымен қатар тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім.
Су тасқыны жергілікті халықты әбден әуреге салды. Қырылған мал, қираған үйді былай қойғанда біраз инфрақұрылым да жарамсыз күйде қалды. Сынақтың салдарын ел болып еңсеру маңызды. Президент бұл іске елдің ірі кәсіпкерлері атсалысатынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Президент ретінде бұл жағдайда қаржы үнемдеу орынсыз болады деп есептеймін. Ел тұрғындары біздің басты байлығымыз. Сол үшін қажетті қаражат бөлінеді. Сондай-ақ кәсіркерлер, қалталы азаматтар әр өңірге бекітіледі. Осылай құрылысты бастаймыз.
Президентпен кездескен тұрғындар өзге де көкейтесті мәселелерін айтып, ойын ортаға салды. Атап айтсақ, ақбөкендерге қарсы әрекетке алаңдаушылық білдірді. Нәтижесінде мемлекет басшысы бұл шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеді. Тіл мәселесі мен су жайы да талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысатынын да айта кетті.
Ертарғын Жұбанышев, облыс тұрғыны:
- Бәрін де біліп отырмыз, апат ғой. Сол бүгін уақыт бөліп, бізбен кездескепнімізде Алла риза болсын. Өйткені сіз бүкіл елді ойлап жатырмыз. Жүрек сізде де, бізде де бірдей. Сізге денсаулық тілейміз, сенеміз сізге.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Топан су бәріміз үшін үлкен сынақ болды. Аманшылық болса бәріміз ойдағыдай шығып кетеміз. Ешқандай күмән жоқ. Халық жақсы ғой енді.
Табиғи апатқа өңір тұрғындары жұмыла атсалысты. Еріктілер де көмегін аямады. Сапар аясында Президент осы волонтер және кәсіпкерлер қауымымен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біздің елімізде Forbes тізіміне кіретін ірі кәсіпкерлер бар. Олармен арнайы кездесеміз. Олар әр облысқа, ауданға, елді мекенге бекітіледі және нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағынан кәсіпкерлердің мүддесіне сай келеді. Өйткені олар өздерінің қосқан үлесінің нақты нәтижесін көретін болады. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде Сіздердің де есімдеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды деп ойлаймын.
Қалың елге қауіп төнгенде волонтерлер алдыңғы қатарға шыққаны жасырын емес. Зардап шеккендердің еңсесін тіктеуге көп көмектесті. Президент еріктілерге зор құрметпен қарайтынын және жан-жақты қолдау көрсететінін айтып, оларға ризашылық білдірді.
Айбек Таңатбаев, ҚХА облыстық филиалының қызметкері:
- Өңірдегі дамбаларды бекітіп, инертті материалдарды төгу жұмысына да еріктілер белсене атсалысып жатыр. Осының арқасында Тобыл қаласы, Амангелді ауданының орталығы және басқа да елді мекендер су басу қаупінен аман қалды. Президент жағдайды әрі қарай да бақылауда ұстау керегін ескертті. Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда болатынын айтты.
Бекзат Аманов