Тоқаев тіл мәселесін тағы қозғады
Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде терроризм қаупі туралы айтты.
ЕКІНШІ. Біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз. Радикалды идеологияны дәріптеу және ксенофобия отын тұтату үшін халықаралық тұрақсыздықты пайдаланып қалғысы келетіндердің әрекеті анық көрінуде. Кейбір мемлекеттердің геостратегиялық амбициясынан этнодіни астар іздеуге тырысатындардың, тіпті, оны өркениетаралық қақтығыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның салдарынан қазір әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатқаны байқалып отыр – деді Президент.
Лаңкестік қауіп-қатерлер тағы да алғы шепке шықты.
Таяуда Мәскеу іргесінде жұртты қанға бөктірген лаңкестік оқиға жүрегімізге өте ауыр тиді. Көптеген азаматтар қайғылы оқиғаның құрбандарына жанашырлық, тілеулестік танытып, Ресейдің Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы ғимараттарының алдына гүл шоқтарын қойды. Әлемнің барлық дерлік елдері осындай көрініске куә болды. Қазақстан халықаралық құқықты және гуманистік идеалдарды берік ұстанатын ел ретінде алғашқылардың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға шақырды. Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады – деді Тоқаев.
Жер жүзінде бәрімізді алаңдатын түрлі оқиғалар болып жатыр.
Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс. Қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды – деді Мемлекет басшысы.
Тіл – көптеген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі. Осы мәселенің дұрыс шешілуі кез келген елдегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына едәуір ықпал ететінін тарихтың өзі көрсетіп отыр.
Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Бірақ бұл біздің мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуға баса назар аударатынымызды жоққа шығармайды. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Бүгін осындай бірқатар азаматқа марапат тапсырылады – деді Тоқаев.
Билік елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шара қолданатын болады.
Кім айтса да, мұндай бағыттағы түрлі қитұрқылық пен пәлеқорлықты қоғам қатаң сынға алады, құқық қорғау органдары да соған сәйкес әрекет жасайды. Қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою қажет. Азаматтарымыздың бізге қатысы жоқ ақпарат майданына араласып, өшпенділікті насихаттауы еліміздегі тұрақтылыққа және қоғамдық келісімге зор қатер төндіреді. Әрқайсымыз азаматтардың құқығы тең және еркін болуын қамтамасыз ететін Ата Заңымыздың әрбір сөзін бұлжытпай ұстануымыз қажет. Заң мен тәртіптің әрдайым және барлық жерде сақталуы, заң үстемдігінің сөзбен де, іспен де орнығуы маңызды – деді Мемлекет басшысы.
Біздің міндетіміз – қоғамда өзара құрмет пен сенімді нығайта түсу.
Сондай-ақ діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмау үшін баршаға ортақ жаңа қағидаттар мен ұстанымдар ойластыру. Ассамблеяның осы күрделі мәселеге байланысты атқарып жатқан қызметі айрықша маңызды – деді ол.