Президент: Отан қорғау – баршаға ортақ парыз
Ерлік майданда ғана жасалмайды.
Ерлікке бейбіт заманда да орын бар.
Ал Отан қорғау – баршамызға ортақ парыз. Бүгін мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысқан Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқандарды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, осы екі мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш ететінін, батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Тағы кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек екенін де айтты.
Президент резиденциясының іші бүгін әдеттігіден жарық. Ақордадағы аспалы шамдардан бөлек мұнда келген әскерилердің жүздері де, иықтарындағы жұлдыздары да ерекше жарқырап тұр. Ол түсінікті де. Отан қорғаушы мерекесіне орай бірқатары жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер алады бүгін. Президент қолынан бұндай марапат алу зор мәртебе. Елге қызмет етудің озық үлгісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ерлік майданда ғана жасалмайды. Ерлікке бейбіт заманда да орын бар. Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті. Мыңнан астам техника жеткізілді. Сын сағатта халқымыздың асыл құндылықтары анық байқалады. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты. Жергілікті тұрғындар бұл сарбаздарға айрықша риза болды, оларды зор құрметпен шығарып салды. Міне, халық пен армияның мызғымас тұтастығы дегеніміз – осы. Мұндай мысалдар аз емес.
Негізі мамыражай мамырда 2 қасиетті мереке бар. Алғашқысы Отан қорғаушы, келесісі Жеңіс күні. Бұл қос мейрам жауынгерлік дәстүрдің сабақтастығын паш етеді және батыр бабаларымыздың даңқты жолын қазір өскелең ұрпақ жалғастырып келе жатқанын көрсетеді, деді Президент. Тағы сұрапыл соғыста фашизмді жеңуге ат салысқан әрбір майдангер мен тыл еңбеккерлеріне әрқашан құрмет көрсетілетінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Менің бастамаммен биылдан бастап «Айбын» орденінің үш дәрежесі даңқты батырларымыздың атымен аталатын болды. Сағадат Нұрмағамбетов - 20 жасында Кеңес Одағының батыры атанды. Кейін Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі болды. Бауыржан Момышұлы сұрапыл соғыста теңдессіз қолбасшылық қабілетін көрсетті. Оның тактикалық айла-тәсіледрі әскер ісі жөніндегі еңбектерге енгізілді. Халқымыздың тағы бір батыры Рақымжан Қошқарбаев нағыз тарихи ерлік жасады. Баршаңызға аян, ол алғаш болып Рейхстагқа ту тіккен жауынгердің бірі. Ұлт перзенттерінің осындай батылдығы мен батырлығы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі-өнеге.
Бүгінде қазақ армиясының беделі едәуір жоғарылады. Қазір біздің жауынгерлерге әлемдік аренада да маңызды миссиялар сеніп тапсырылған. Мәселен, бітімгерлеріміз БҰҰ-ның аясында Голан жоталарында алғаш рет өз міндеттерін дербес орындауға кірісті. Бұл әскеріміздің дайындық деңгейінің жоғары екенін және еліміздің әлемдік аренадағы беделінің өсіп келе жатқанын анық көрсетеді – деді, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан жер-жаһанға өзін бейбіт ел ретінде танытты. Біз барлық мемлекетпен достық қатынас орнаттық. Кез келген шиеленісті сындарлы диалог арқылы шешу керек деп есептейміз. Бірақ арқаны кеңге салып, қамсыз отыруға болмайды. Қуатты әскеріміз түрлі қатерге сақадай сай тұруға тиіс. Мықты әскер – елдіктің тірегі.
Армияның айбыны артқанымен арқаны кеңге жайып, жай жатуға болмайды. Еліміздің Қарулы күштерін одан әрі нығайту жұмыстарын жалғастырып, кәсіби тұрғыдан білікті әрі заманға сай озық қылу маңызды. Күні кеше ғана елордада жаңа авиациялық база да ашылды. Бұл ұлттық қорғаныс жүйесінің әлеуеті арта түсті деген сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз армияның беделін көтеруге айрықша мән береміз. Отан қорғау – баршамызға ортақ парыз. Мұны, әсіресе, өскелең ұрпақ терең түсінгені абзал. Мемлекет жас сарбаздарға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Оларға арнайы білім гранттары бөліне бастады. Несиені өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Енді армияда жүріп, нақты мамандық алуға болады. «Ер жігітке жарасар, қолындағы найзасы» деп әйгілі Бұқар жырау батырлық пен ерлікті ерекше дәріптеген. Шын мәнінде, әскер – мемлекеттің аса маңызды символы. Мен сарбаздарымыздың жауынгерлік рухы жоғары болғанын мақтан етемін.
Салтанатты жиын барысында бүгін антына адал болып, мемлекет мүддесі үшін мінсіз қызмет етіп келе жатқандар Президент қолынан әскери және арнаулы атақ пен сыныптық шендерін алды. Қошеметке бөленгендердің қатарында қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров те бар. Ол Мемлекет басшысының Жарлығымен генерал-лейтенант шенін иеленді.
Қаныш Әбубәкіров, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:
- Жоғарғы бас қолбасшының қолынан осындай салтанатты жағдайда мемлекеттік марапат алу біріншіден үлкен қуаныш. Әрі зор жауапкершілікті сезінемін. Бұл марапатты біздің барлық Қарулы Күштердің жоғары бағасы деп білемін.
Бұдан бөлек, әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Риат Шони, тілші:
Айбынды армия - ел тірегі. Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Иә, Қазақстан әлемге бейбітшілікті ту еткен ел ретінде танылған. Барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс. Қазақстанның ұстанымы осындай. Дегенмен, қазір мың құбылып тұрған заманда жау жоқ деме, жар астында дегенді естен шығаруға болмайды. Сондықтан Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Президент те осыны талап етеді.
Риат Шони, Марат Диханбаев, Алмас Омарғалиев