Мемлекет басшысы ЕАЭО отырысына қатысып жатыр
Мәскеуде Еуразиялық экономикалық Одақтың отырысы өтіп жатыр.
Ордалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысып жатыр. Президенттер алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын форматта өткен отырысына қатысты.
Бекзат Аманов, тілші:
- Еуразиялық экономикалық одаққа биыл 10 жыл. Аз уақыт ішінде өміршеңдігін көрсеткен интеграция бүгінге дейінгі бар сын-қатерді еңсере алды. Саудадағы серіктестік пен сенімді кір шалмай, байланыс беки түсуде. Алайда әлі де мәмілемен шешілетін мәселе аз емес. Сол үшін бестіктің басшылары Мәскеуге түгел келді. Президенттер алдымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын форматта өткен отырысына қатысты. Ресми сандар бірлестіктің тиімділігін көрсетеді. Мысалы, Одақ құрылғалы бері Қазақстанның ұйымға мүше елдермен өзара саудасы 74 пайызға өсті. Оның ішінде экспорт 117 пайызға артқан. Біздің тарап шикізаттан бастап өңделген тауарларға дейін жеткізеді. Әсіресе уран, болат өнімдері мен дайын алтынға сұраныс жоғары. Сарапшылардың айтуынша, интеграция игілігі қарапайым тұрғындарға да тиіп жатыр.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
- Халықтың өмір сапасын жақсартуға біршама өзінің үлесін қосып жатыр деп айту керек. Себебі бізде экономикада "world price" әлемдік баға деген термин бар. Соған қарайтын болсақ кедендік одақ барлық тарифтік кедергілерді алып тастады. Сол себепті еркін сауда айналымына, соның ішшінде жұмыс күшінің айналымына үлкен жол ашты. Бұл жерде бәсекелестік артуда. Сондақтан, жалпы алып қараған кезде, тұтынушыларға бұл одақтың пайдасы зор деп айтуға болады.
Бекзат Аманов, тілші:
- Одақтың өзге ұйымдармен де байланысы тығыз. Оның үстіне үшінші мемлекеттермен де серіктестікті арттыруға тырысып жатыр. Демек, бірлестік әлемге ашық болуға ұмытылуда.
Виктория Перская, РФ Халықаралық экономикалық байланысты зерттеу институтының директоры:
- Алдағы уақыттағы стратегиялық дамуды айқындайтын құжаттарға қол қою жоспарлануда. Негізгі басымдық сауда коперациясы мен бірлескен кәсіпорындар құруға беріледі. Сондай-ақ тауарды үшінші мемлекеттерге жеткізу мәселесі қаралады. Сол үшін де өзге ұйымдармен байланыс күшейіп жатыр.
Одақ отырысын әлем елдері түгел бақылап отыр десек те болады. Кремльдегі баспасөз орталығында да журналистердің қалың нөпірі жиналған, шетелдік медиа алпауыттар жиынды жарыса жазуда. Ал мемлекет басшыларының келіссөзі әлі аяқталған жоқ. Интеграция игілігі мен тиімділігі жағынан қазақстандық тараптың өз көзқарасы бар. Ұсыныс та көп болары анық.
Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Бахытбек Нұртаев