Тоқаев: Еуразиялық одақта жүйелі жұмыс істейтін ішкі нарық құру қажет

«Бізге жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет».

Бұл Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық Одақ отырысындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі. Мемлекет басшысы жасырын шектеулерді жоюдың маңызын айтып, интеграция игілігін азайтатын кемшіліктерді жіпке тізді. Бірлестіктің алдағы даму жолына қатысты ұсыныстарын да айтты. Мәскеуге жиналған бестіктің басшылары қандай құжатқа қол қойды? Экономикалық интеграция енді қай бағытта жұмысты ширатады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Еуразиялық экономикалық одақ. Бес мемлекеттің басын біріктірген бірлестікке биыл он жыл. Интеграция аз уақыттың ішінде сауда саясатын серпілтетін қуатты ұйымға айнала білді. Міне Қазақстанның астанасында негізі қаланған бұл одақтың биылғы мерейтойлық отырысын Мәскеу қабылдап жатыр. 

Бүгін қала көшелері қарбалас, қауіпсіздікті күштік құрылымдар күні-түні кірпік қақпай күзетіп отыр. Себебі мұнда бестіктің басшылары түгел жиналды. Биылғы отырыс мерейтойлық ғана емес іскерлік мәнімен де маңызды. Сол үшін Президенттер бас қосуды шағын форматта бастады. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесте одақ аясындағы ықпалдастық талқыланды. 

Әрі қарай қатысушылар кеңестің кеңейтілген отырысына ойысып, келелі көрсеткіштерді жіпке тізді. Одақ бастапқы онжылдықта еңсесін тіктеп, жоғары көрсеткішке жеткені ешкімге жасырын емес. Бірлестіктің буыны бекіп, бұғанасы қатты. Бұл сөзді ресми сандар айғақтайды. Президент те өз сөзін осы мысалмен бастады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Салыстырмалы түрде қысқа мерзім ішінде біздің Одақ халықаралық кеңістікте өзіндік орны бар маңызды әрі перспективті интеграциялық бірлестікке айналды. Ортақ күш-жігердің арқасында мыңнан астам түрлі нормативтік құжат қабылданды. Онжылдықтың макроэкономикалық қорытындысы бірлестігіміздің таңдаған даму бағыты дұрыс екенін көрсетті.

Иә, нәтиже көңіл көншітеді. Қазақстан осы он жыл ішінде ЕАЭО елдерімен өзара сауданы 74 пайызға арттырып, экспорт көлемін 117 процентке өсірді. Негізгі тауарларға уран, болат өнімдері мен алтын жатады. Ал импорт 56 пайызға көбейді. 

ГРАФИКА:

ЕАЭО елдерімен серіктестік 

Өзара сауда – 74,8% 

Экспорт – 117,6%          Импорт – 56,3 %

Жалпы көлемі – $11,1 млрд

Уран – $1,6 млрд

Болат өнімдері – $ 445,2 млн

Алтын – $430,8 млн

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Кез келген интеграциялық ұйым түп мақсаты - халыққа тиісті қызметін атқару, халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Бұл жағынан алып қарайтын болсақ, еуразиялық одақ өзінің мақсатына жетті деп айтуға болады. 

Алайда қазір нәтижеге тоқмейілсіп, арқаны кеңге жаятын кез емес. Әлемдік геоясат пен нарықтағы ахуал ушығып барады. Дүниежүзілік банктің есебіне сенсек, әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткішті көрсетуі мүмкін. Тіпті тарихта қазіргі кезең «мүмкіндікті мүлт жіберген онжылдық» ретінде енуі ықтимал. Ал бұған жол бермеу үшін не істеу керек? Президент ұсыныстары мынадай...

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз барлық резервті пайдалана отырып, Одақты құру кезінде жүктелген міндеттерді шешуіміз керек. Ең алдымен бұл жерде Экономикалық одақтың іргелі қағидатын, яғни тауарлар қозғалысының еркіндігін іске асыру туралы айтып отырмыз. Бізге шын мәнінде біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың кедергісіз нарық туралы бастамасын сарапшылар да көптен бері айтып жүр. Одақтың бастапқы шарттары қаз қалпында орындалса интеграция игілігін барлығы бірдей көре алады дейді олар. 

Жұмабек Сарабеков, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

- ЕАЭО нарығы 184 млн адам. 5 мемлекеттің нарықтарын біріктіріп. Бірақ өкінішке орай, бұл нарық әлі толыққанды жұмыс жасап жатқан жоқ. Себебі әлі күнге дейін көптеген кедергілер бар. Барлық ойыншылар өзінің нарығын қорғап қалғысы келеді, өзінің өндірушілерін қорғап қалғысы келеді. 

Одаққа мүше елдер үшінші мемлекеттермен серіктестікті арттыру керек. Президент бірлестік әлеуетінің мол екенін айтып, еуразияның тауарын шетелге шығаруды ұсынды. Бұған дейін Одақ Ветьнам, Сербия, Сингапур, Иран сынды мемлекеттермен сауда келісімін жасады. Бұл бастама өз тиімділігін көрсетті, енді мұндай серіктестіктің аясын кеңейту жоспарланып отыр. Келесі бағыт – Моңғолия. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың перспективасы зор. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің қазіргі 60 пайыздық өсімі тек Азияға тиесілі болады деген болжамды ескерсек, Жаһандық Оңтүстікпен арадағы кооперация ерекше қызығушылық туғызады.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Бүгінгі отырысқа орай Моңғолиямен уақытша сауда келісіміне қатысты келіссөз бастау жобасы әзірленді. Одаққа мүше мемлекеттерді бұл елмен тату көршілік, саудадағы серіктестік байланыстырады. Өзге де маңызды мәселелерді талқылау керек. Демек, мерейтойлық отырыс қорытындыны саралап ғана қоймай, интеграцияны тереңдетуне бағытталған қадам болмақ.

Ал сыртқы саудаға серпіліс әкелу үшін логистика жүйрік болуы керек. Қазір біздің аймақ батыс пен шығысты байланыстырып отыр. Бірақ алдағы онжылдықтарда бұл инфрақұрылымның тозғаны сезіле бастайды. Одаққа мүше елдер осы іске де назар аударғаны жөн деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Келесі жылы теміржол тасымалы саласында жасанды интеллект элементтерін пайдалануды көздеп отырмыз. Озық технологияларды қолдану тасымал тиімділігін айтарлықтай арттырып, өзіміздің және серіктестеріміздің шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл тариф саясаты мен кеден рәсімдерін үйлестіру, сондай-ақ Еуразияның бірыңғай цифрлық дәлізін құру арқылы тұтас логистика желісін қамтамасыз ету үшін керек. Нақты шара ретінде тауармен бірге жіберілетін құжаттардың бәрін QR-кодтар арқылы қашықтан тексеру және цифрлық құжаттарды өзара тану механизмін енгізуді ұсынамыз. 

Бұл Одақтың Қазақстан үшін тағы бір маңызы бар. Бұл өнеркәсіп саласын дамыту, Біз өндіріп ғана қоймай, өңдейтін мемлекетке айналуды мақсат еттік. Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыс нәтиже бере бастады. Мысалы Одақ іске қосылған жылы мемлекетіміздің экспорттағы негізгі бағыты шикізат болды. Атап айтқанда, уран, темір, көмірге көп көңіл бөлдік. Ал қазір дайын алтын, болат өнімдері және жеңіл автомобиль алдыңғы орынға шығып келеді. Экспорттағы дайын өнімдердің жалпы үлесі 50 пайызға жеткен. 

ГРАФИКА:

Экспорттағы негізгі бағыт

2015 жыл                                            2024 жыл

  Уран                                                    Алтын

  Темір                     «                         Болат прокат

  Көмір                                                  Жеңіл автомобиль 

Дайын өнімдер үлесі 50%-ға артты 

Олжас Нұрбек, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің басқарма басшысы:

- Шикізаттан кетіп, дайын өнімді өндіруге мақсат қойғандықтан өнеркәсіп жағын дамытуға негізделгенбіз. Осы жылы бастапқы қадамы болды. Біз бұл саланы біріккен кәсіпорын құрып, жүзеге асырамыз. Биыл оған 20 млн доллар бөлінді. Үшіншіден, үшінші мемлекеттермен байланысты арттыру. 

Ордалы отырыста бұл мәселені Президент те көтерді. Кооперацияны тереңдетуді басым міндет ретінде атап өтті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жоғары деңгейде өңделген тауар өндірісін жолға қойып жатқан озық технологиялық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Әрине қаржыландыру көздеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің ашық механизмін қалыптастыру – маңызды міндет. Қазақстан өз тарапынан Еуразия кеңістігіндегі өнеркәсіп кооперациясын дамытуға бағытталған дәйекті саясатын жүргізе береді. Қазіргі таңда Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр. 

Цифрлық трансформация жөнінен аймақ көшін бастап келеміз. Заманауи технология әр салаға жылдам әрі оңай еніп кетті. Сол үшін біздің тарап мұндай серпілісті одақтас мемлекеттерден де күтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев «цифрлық бәйгеде» лайықты орын алып, алдыңғы қатарда болу маңызды деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрландыру саласындағы ынтымақтастық интеграциялық бірлестікті орнықты дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Сондықтан Қазақстан жаппай цифрландыру жағдайында Одақтың «төрт еркіндік» қағидатын дамыту жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның бастамасын қолдайды. Осы ретте біз жасанды интеллектіге баса мән бере отырып, аймақта барынша жылдам дамып келе жатқан цифрлық экономикалардың бірін құрамыз. 

«Ұйымның әлеуеті зор,  бірақ әлі көп жұмыс істеу қажет. Қазақстан теңқұқылы және өзара тиімді интеграцияны ғана қолдайды». Қасым-Жомарт Кемелұлы ордалы отырыстағы сөзін осылай қорытындылады. Ал отырыстан кейін маңызды  құжаттарға қол қойылды. 

Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:

- Энергетика, кеден, сауда нарығы сияқты бағыттар қаралды. Президенттер Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау үшін келіссөздерді бастауды тапсырды. Атап айтқанда, кей тауарларға салынатын салықты азайту немесе жою жоспарлануда. Сонымен қатар ақпарат алмасу, тауарлар туралы мәліметпен бөлісу мақұлданды. Алдағы уақытта кедендік рәсімдер едәуір жеделдейді. 

Құжаттарды барлық тарап бір ауыздан қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы желтоқсанда Санкт-Петербургта өткізуге келісті.

Бекзат Аманов, Ержан Қанапияұлы, Бақытбек Нұртаев