Қ.Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің саммитіне қатысты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық саммитіне қатысты.
Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 миллиард долларға жетті. Ал экспорты 2 еседен астам өсті. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастық Қазақстан экономикасының қарқынды дамуына ықпал етеді. Тек өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға артты, деді президент. Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық геосаяси тұрақсыздық жағдайында одан әрі орнықты даму үшін бірлестік неғұрлым икемді және тиімді болу керек деп санайды. Сондай-ақ Президент Дүниежүзілік банктің есебін мысалға келтіріп, қазіргі онжылдықтың бірінші жартысындағы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш болуы мүмкін екенін айтты. Мемлекет басшысы «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті.
ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Еуразия құрлығы әлемдегі өндірістік-ресурстық және экспорттық әлеуеті өте мықты аймақтардың бірі екені баршаға мәлім. Әлемде халық саны өсіп, басқа макроөңірлерде ресурстар шектеулі болған жағдайда 600 миллионға жуық адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте Одақтың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі тек күшейе түседі. Біздің стратегиялық мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыру. Ол үшін жасанды интеллект, роботты техника, биотехнология және аграрлық ғылым салаларына негізделген серпінді инновациялық технологияларды енгізу жөнінде келісілген шаралар қабылдау өте маңызды.