Президент: Мәдениет – ұлттың рухани келбеті
Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университеті қазақтың бұлбұл әншісі, КСРО-ның халық әртісі Күләш Бәйсейітованың есімімен аталады.
Сондай-ақ елдегі басты 3 музейге ұлттық мәртебесі беріледі. Бұл жөнінде бүгін мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтау барысында Президент айтты. Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегі еленген тұлғаларды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Жоғары марапатқа 20 отандасымыз ие болды.
Дирижер, концертмейстер мен вокалистер, суртешілер және оқытушылар. Бүгін мәдениет пен өнерге қатысты жандар үшін ерекше күн. Маңызды концерт емес, кәсіби мереке. Оларды құттықтау үшін Мемлекет басшысы Ақорда резиденциясына арнайы шақыртты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады.
Елімізде мәдениет пен өнер саласына ерекше басымдық беріліп келеді. Былтыр мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Соңғы 3 жылда елде 700-ден астам мәдениет нысаны жөнделіп, 170-ке жуығы жаңадан салынды. 30 жылда алғаш рет мемлекеттік ұлттық мекемелер мен оқу орындарына музыкалық аспаптар алу үшін бюджеттен қаражат бөлінді.
ГРАФИКА
мәдениет және өнер саласын дамыту
мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды
700 астам нысан жөнделді
168 ғимарат салынды
Ең ауқымды өзгеріс Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында болмақ. Ғасырға жуық тарихы бар киелі қара шаңырақ елдегі театр өнерінің символы. Бұл өнер ордасы бүгінде көрермендердің рухани азық алатын үйіне айналған. Бүгін Президент театр ғимаратын толықтай қайта жаңғырту басталатындығын айтты. Бұл жұмыс аталған өнер орталығының 100 жылдық мерейтойына орай, яғни 2026 жылы аяқталады. Ал елдегі ең басты 3 музейге ұлттық мәртебесі беріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазіргі заман талабына сай музей қоғам санасын жаңғыртуға зор ықпал ететін озық институтқа айналуы керек. Сол арқылы жас ұрпақ төл тарихымыз бен салт-дәстүрімізді терең танып, одан тағылым алуы қажет.
Жалпы елімізде тарихи-мәдени мұраны сақтау және молайту мақсатында ауқымды әрі үздіксіз жұмыс жүргізіліп келеді. Ұзақ жылдан бері алғаш рет жақында материалдық емес мәдени мұраның Ұлттық тізбесі айтарлықтай кеңейді. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне біздің «салбурын» және «беташар» сияқты ұлттық дәстүрлерімізді енгізу мәселесі пысықталып жатыр.
Мәдениет пен өнер адамдары үнемі тарихи үрдістің алдыңғы шебінде жүреді. Сол арқылы ұлтымыздың қарқынды дамуына ықпал етеді. Өз шығармашылықтары арқылы әркез халықты жігерлендіріп отыратын жандардың беделін арттыру үшін мемлекет тиісті шараларды қабылдайды, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер өз шығармашылықтарыңыз арқылы халқымыздың бірегей болмысының жаңа қырын ашасыздар. Азаматтардың жасампаз қуатын оятасыздар. Сондықтан мемлекет шығармашылық өкілдерінің беделін арттыру үшін тиісті шараларды қабылдайды. Мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысы айтарлықтай көбейді. Менің тапсырмаммен «Халық әртісі» және «Халық жазушысы» атағы қайта беріле бастады.
Мәдениет пен өнер майталмандарын кәсіби мерекемен құттықтаған Президент өзінің ақжолтай хабарын да жеткізді.
Енді елордадағы қазақ ұлттық өнер университетіне қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Бәйсейітованың есімі беріледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл бастамасын Мемлекет басшысы құптайтынын айтты. Бұл - қазақ операсының негізін қалаған әншіге деген ерекше құрметтің белгісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл әйгілі әншіге көрсетілген зор құрмет әрі ерекше өнерімен тарихта қалған тұлғаларға ел ықыласының айрықша белгісі. Түптеп келгенде, мұны тарихи әділдікті қалпына келтіру деп түсінген жөн. Аға буынның өнердегі жолын қазіргі жастарымыз да лайықты жалғастырып келеді. Осы сабақтастықты сақтау өте маңызды.
Қазір өнерлі қазақ жастарының қарасы қалың. Бүкіл әлем тәмсана қарайды. Тіпті «қазақ феномені» деген ұғым да пайда болды. Осы ретте Президент Димаш Құдайбергеннің бірегей өнеріне тәнті болған түрлі елдің азаматтары Қазақстанның мемлекеттік әнұранын шырқап, көк туын желбіретін жүргенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Өнер – тәрбие құралы. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлт болашағына қауіп төндіретін бес кесел туралы айттым. Қоғамды осы кеселдерден тазартуға мәдениет қайраткерлері зор үлес қосып келеді. Лудомания мен нашақорлықтың зиянын ашып көрсететін тың туындылар шығып жатыр. Бұл өте дұрыс бастама.Мұндай шығармалар ұрпақ болашағы үшін аса қажет. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жалғасытра беру керек.
Мәдениет саласының өкілдері халықтың рухани қалқаны болуға тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы жайлы айтқан Президент ардагер өнер иелері жас ұрпақты жасампаздыққа, жаңашылдыққа үйретуге, бірлікті нығайтуға, өнімді еңбек етуге баулуға белсене атсалысатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздер мәдениет пен өнер жолына адал болып, қажырлы еңбек етіп келесіздер. Оған бүкіл ел куә. Өнер адамы үшін ең құнды марапат – халықтың ыстық ықыласы. Мен төл мәдениетімізді дамытуға мол үлес қосып жүрген бір топ азаматты марапаттау туралы шешім қабылдадым. Мәдениет саласында ерекше орны бар 7 іргелі ұжым биыл мерейлі белеске жетіп отыр. Сондықтан бүгін негізінен осы мекемелердің қызметкерлеріне жоғары мемлекеттік марапат тапсыруды жөн көрдім.
Кәсіби мереке күні Президент қолынан марапат алғандардың бірі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жексен Айсын. Өнер майталманы 1994 жылдан бері осы оркестрде қызмет етіп келеді.
Қазір бұл ұжымда 80-нен астам өнер иесі еңбек етеді. Осыдан 4 жыл бұрын оркестрге Президент Жарлығына сәйкес «ұлттық» мәртебесі берілген болатын. Ал бүгін оркест дирижері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды.
Жексен Айсын, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері:
- Мемлекет басшысының қолынан марапат ала үлкен мәртебе деп санаймын. Сол үшін де рахметімді айтамын.
- Бізге бұл мотивация, күш-қуат, қажыр қайрат беретін марапат деп ойлаймын.
Ал қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Қапаш Құлыш бүгін ең жоғары мемлекеттік награданы иеленді. Жарты ғасырдан астам уақыт сахнада жүрген өнер майталманы Президенттің қолынан «Құрмет» орденін алды. Қапаш Құлыш өзінің еңбек жолын атақты «Гүлдер» ансамблінде бастаған. Құрамында 40 жыл болған ол бүгінде жас буынға өзінің білген-түйгенін үйретіп келеді.
Қапаш Құлыш, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:
- Қуаншытың жасы. Өйткені еңбек ешқашан өшпейді екен ғой. Мен 55 жыл сахнада жүрмін. Биыл 75 жасқа толып жатырмын. Сондықтан тәуба. Жақсылықтың ерте, кеші жоқ дейді ғой. Жақсылық бүгін мені тауып алды. Барлық халқыма, еліме, жұртыма мың да бір алғыс.
Риат Шони, тілші:
- Мәдениет пен өнер - ел идеологиясы мен жаңғыруында алар орны айрықша сала. Актер, күміс көмей әншілер, мың бұралған бишілер мен қылқалам шеберлері - суретшілер. Осы жандардың барлығының да ел дамуына қосар үлесі орасан зор. Оған ешбір дау жоқ. Ал ел үшін еңбек еткен елеусіз қалмайды. Оған бүгін Президент қолынан мемлекеттік награда алған 20 отандасымыз дәлел. Өйткені өнерлі адам өрге жүзеді.
Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Алмас Омарғалиев