Президент: Су ресурстарын басқарудың тұрақтылық үшін маңызы зор
Мемлекет басшысының Сингапурға сапары аяқталды.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур лекциясында сөз сөйлеп, жаһандық проблемалар жайлы өз ұстанымдарын білдірді. Өз сөзінде БҰҰ-ға реформа керек деген ой айтты. Сондай-ақ Қазақстан-Сингапур ректорларының форумына қатысты. Енді екі ел білім саласында да байланыс орнатып, қуаңшылықты шешу үшін күш біріктіреді.
Мемлекеттік сапардың екінші күні маңызды кездесуден басталды. Келіссөз үстеліне Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың аға министрі әрі Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр Тео Чи Хин отырды. Олар алдымен ынтымақтастық жайын талқылады. Содан кейін Президент өзі жазған «Беласу» кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасына қолтаңбасын қалдырды. Бұл кітапты Тео Чи Хин Қазақстанға жасаған сапарында сатып алыпты. Зор ықыласпен оқып, қажетіне жаратқанын айтты.
Кездесудің ізін ала қос тұлға Сингапур лекциясына беттеді. Юсоф Исхак институты бұл алаңға әлем таныған терең тұлғаларды ғана шақырады.
Бекзат Аманов, тілші:
- Сингапур лекциясы жаһан алдында саяси салмағы мен үлкен беделі бар адамдар ғана сөз сөйлейтін алаң. Мұнда лекцияны тыңдау үшін белді, танымал қоғам қайраткерлері көптеп жиналады. Осынша маңызды мінберге бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.
Осылайша мемлекет басшысы Сингапур лекциясында өз ұстанымымен бөліскен Орталық Азиядағы тұңғыш Президент атанды. Бұл дерек өңірдегі ролімізді айғақтап тұрғандай.
Тео Чи Хин, Сингапурдың аға министрі – ұлттық қауіпсіздік жөніндегі үйлестіруші министр:
- Талқы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың оймақты ойын тыңдайтын мүмкіндік туды. Біздің жолымыз болды. Ол саясатта салмақты қызметтерді атқарып келеді. Бірнеше тіл біледі. Жиған тәжірибесі мол. Сингапур шағын мемлекет. Бірақ біздіҚазақстанмен көп нәрсе байланыстырады деп ойлаймын. Қазақстан ауқымды ел болса да, оның айналасы алпауыт мемлекеттерге толы. Сол үшін сана түбінде бір-бірімізбен түсіністік таба аламыз.
Мемлекет басшысы, ең алдымен, өзінің Сингапурда қызмет еткен жылдарын еске алды. Оңтүстік-Шығыс Азияға қызмет бабымен келген жас дипломат қазір білікті саясаткерге айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев табандылық пен жаңашылдықты да осы жерден үйренгенін айтады. Одан бөлек, Қазақстан мен Сингапурдың даму жолын да салыстырды. Қазір біздің ел даму бағдарын «Әділетті Қазақстан» бағдарламасымен байланыстырады. Ал мұнда «Алға, Сингапур» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қос құжат та халықтың қамын бірінші орынға қояды және елдің игілігін әрбір азамат сезінуге тиіс деген қағидатты ұстанады. Ауқымды ұлттық трансформация – оңай үдеріс емес. Бірақ қанша қиын болса да, біз бұл стратегиялық бағытымыздан айнымаймыз. Сингапур сияқты бизнес, қаржы, дарындылар мен инновация шоғырланатын сенімді орталыққа айналуға ұмтыламыз.
Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан ел дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтайды. Серіктестеріміздің сеніміне селкеу түсірмей, әрдайым жаһандануды жақтаймыз. Қазақстан әлеммен ашық қатынас жасайтын мемлекет. Себебі араздығы көп заманда жаңа дәуірге осылай ғана қадам басамыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал.
Расымен Қазақстан әрдайым достықты дәріптеп жүр. Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал етіп жатырмыз. Иранның ядролық бағдарламасына ара ағайындық жасап, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін жыл сайын өткізудеміз. Сингапурдың да сыртқы саясаты бізге ұқсайды. Президент мұндай бастамаларды жоғары бағалайтынын жеткізді. Әйтсе де, геоясат әлі де құбылып тұр. Ал халықаралық институттардың беделі азайып бара жатқандай. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ реформа жүргізу керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Көп жақты институттардың абырой-беделін қалпына келтіріп, мультилатерализмге тың серпін беру үшін оларды жаңғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп жетілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбейінше, біз бұл міндетті орындай алмаймыз. Бұл кейінге қалдыруға болмайтын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта державалар мен дамушы елдердің Кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл сенемін.
Қазақстан бейбітшілікті үндеуін жалғастыра береді. Президент бөгет емес, көпір салу керек деген ой айтты. Кейін Сингапурмен байланысты бекіте түсуге ниетті екенін тағы қайталады. Шын мәнінде, екі ел көптеген салада ықпалдастық жасай алады. Әлемге түрпідей тиіп отырған климаттың өзгеруі, су және жаһандық азық-түлік мәселесі де осы санатқа жатады.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Баршамыз үшін өте үлкен абырой болды. Себебі сингапур лекциясы өте атақты формат. Бұл тек қана ең белсенді, ең мықты қайраткерлерге беріледі. Тарихи оқиға деп айтуға болады. Сингапур үшін де маңызды оқиға.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орта Азия елдерінің потенциалына назар салды. Өңір мемлекеттері жас әрі қуатты халық. Ресурсқа бай, транзит әлеуеті зор. Президент серіктестерді жаңа мүмкіндіктерге қарай қадам басуға шақыратынын айтты. Бұл тұрғыда АСЕАН елдерімен де байланысты нығайтуға ниеттіміз. Ал дәрістен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушы сұрақтарына жауап берді.
Ли Конг Лин, сарапшы:
- Сіздердің Президенттеріңіз бізді орта державалар қатарына қосты. Бұл зерттеуге алуға тұрарлық қызық дәйек. Бұған дейін Орталық Азия мен Сингапурдың ынтымақтастығына қол жеткізу қиын болып көрінетін. Алайда Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай серіктестік мүмкін әрі қазірдің өзінде жүзеге асып жатқанына сендірді.
Білім саласында байланыс нығаяды
Одан әрі сапар Қазақстан-Сингапур ректорларының форумымен жалғасты. Президент екі елдің саладағы байланысына тоқталып, ортақ келісімдер жөнінде баяндады. Енді елдегі су саласын дамытуға Сингапур ғалымдарының жемісті өнертабысын қолданамыз. Бұл бағытта бірқатар келісімге қол қойылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл келісім Қазақстан үшін маңызы зор су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған. Су ауыл шаруашылығынан өнеркәсіпке, денсаулық сақтаудан қоршаған ортаға дейінгі өміріміздің барлық аспектісіне әсер ететін өте маңызды ресурс. Су ресурстарын тиімді басқарудың орнықты даму мен экономикалық тұрақтылық үшін мәні зор.
Жиынға жиырмаға жуық отандық ЖОО ректорлары қатысты. Алдағы уақытта қос мемлекет студент алмасуды жоспарлап отыр. Қазақстан тарапы жастарын болашақ бағдарламасы арқылы Сингапурға жіберуге дайын.
Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры:
- Сингапурдың экономикасын нығайтуға атақты басшы Ли Куан Юдың көреген саясаты көмектесті. Қазір оның ұрпағы Ли Сянь Лун де мемлекетін дамытуға атсалысып жүр. Жақында ғана Сингапурдың үшінші Премьер-министрі әрі аға министрі лауазымына келді. Сапар барысында Президент онымен де кездесіп, серіктестік жайын талқылады. Ал Ли Сянь Лун Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі жалғастыруға ниетті.
Бекзат Аманов, тілші:
- Осымен мемлекет басшысының маңызды мемлекеттік сапары тәмам. Соңғы екі күннің қорытындысы бойынша, оннан аса құжатқа қол қойылып, тараптар қомақты келісімдерге уағдаласты. Экономикалық ғана емес саяси диалог та нығая түсті. Тағы бір қызық дерек. Сингапурды бүгінге дейін 4 премьер-министр басқарды. Ал Қасым-жомарт Тоқаев осы сапардан кейін сол басшылардың бәрімен кездескен әлемдегі санаулы адамдардың қатарына кірді.
Бекзат Аманов, Марат Диханбаев