Мемлекет басшысы Сингапурда дәріс оқыды

фото: akorda.kz

Сингапурға мемлекеттік сапар жасаған Президент «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты тақырыпта дәріс оқыды, деп хабарлайды 24KZ.

Айта кету керек, 1980 жылдардан бері Юсоф Исхак институты ұйымдастырып келе жатқан бұл дәрістер – академиялық топтар, саясаткерлер, дипломаттар мен жас ғалымдар үшін мемлекеттер басшылары мен әлемдік деңгейдегі көрнекті саясаткерлердің  ұстанымдарын тікелей тыңдауға мүмкіндік беретін алаң. Лекция барысында Президент өзінің Сингапурдағы қызметін есіне алып, осы елде өткізген жылдарында табандылық пен жаңашылдықты үйренгендігін айтты. Ал бұл қасиеттер қазіргідей құбылмалы әлемде Қазақстанның келешегі туралы пайымының қалыптасуына әсер еткендігін жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жайында да айтты. Қазір әлем елдері әскери салаға қомақты қаржы жұмсауда. Демек, қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.

«Дегенмен, Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз», - деді. Бұдан бөлек дәріс барысында Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайына да назар аударды.