Шикізатқа арқа сүйеген ел алысқа бармайды – Президент

Мемлекет басшысы Алматыға жұмыс сапары аясында ғылым ордасына да ат басын бұрды, деп хабарлайды 24kz.

Ұлт оқымыстыларының қарашаңырағын жаңғырту ісі екі жыл бұрын Президент тапсырмасымен басталған еді. Осыдан кейін тозығы жеткен ғимарат заман талабына сай түрленді. Тарихи келбетін де сақтап қалды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Басқосуда «шикізатқа арқа сүйеген ел алысқа бармайды» деген пікір айтып, елге ғалым, инженер және өнертапқыштар қажет екенін жеткізді. Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді әрі білікті болуы керек. Президент экономикалық бәсеке геосаяси күрестің кезекті кезеңіне ұласқанына тоқталып, инновацияның маңызы арта түскенін жеткізді. Ал әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Қысқасы, оқымысты қауым алдында өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алу міндеті тұр.

Цитата:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Жаһандық ғылыми-техникалық революция жағдайында ғалымдар мен білімпаздардың рөлі бірден артады. Алайда ең бай елдердің өзі барлық сала бойынша жоғары деңгейде зерттеу жүргізе алмайды. Табысқа жету үшін басым бағыттарды айқындап алып, ғылыми қауымдастықтың, мемлекет пен бизнестің күш-жігерін жұмылдыру керек. Бұл ретте ғалымдарымыз кабинеттерінде тып-тыныш отырып, тек теориялық ізденістермен шектелмей, нақты іспен және қолданбалы зерттеулермен айналысуға тиіс.

Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Бұл бастаманы да Президент көтерді. Оның айтуынша, бұған әлеуетіміз толық жетеді. Тек жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. «Әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді. Біз осы көштің басында болуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.