Юн Сок Ёль: Қазақстан – Кореяның Орталық Азиядағы ең басты серіктесі

Астанада қазақ-корей бизнес форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.

Іскерлік басқосуға Кореяның 50-ден астам ірі компания өкілдері қатысты. Форум аясында 23 маңызды құжатқа қол қойылды. Келелі кездесуге қос елдің басшылары да қатысып, ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуге бағытталған жобаларды артыруға уағдаласты.

Қазақ-корей кәсіпкерлерін тоғыстырған форум биыл 13-ші рет өткізіліп отыр. Бұған дейін іскерлік басқосу 2021 жылы Сеулде өткен болатын. Келелі кездесуге қос елдің басшылары қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Корея бизнесінің Қазақстан экономикасында елеулі орын алатынын айтып, еліміз серіктестік аясын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Корея Республикасы – Қазақстанның бес ірі инвестициялық және сауда серіктесінің бірі. Кореядан экономикамызға тікелей тартылатын инвестиция көлемі он миллиард долларға жуықтады. Ал өзара сауда айналымы алты миллиард долларды құрады. Бүгінде Қазақстан нарығында Оңтүстік Кореяның 700-ден астам компаниясы жұмыс істейді. Олардың қатарында Hyundai, KIA, Samsung, LG, Doosan секілді жаһандық корпорациялар мен басқа да кәсіпорындар бар. Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі ретінде өз позициясын нығайтуға ниетті.

Таңғы шық елімен арадағы алыс-беріске толығырақ тоқталып, сандарды сөйлетсек. Сауда-саттық былтыр 6 млрд АҚШ долларын құрады. Отандық статистикаға сүйенсек, биылғы қаңтар-сәуір аралығында тауар айналымы 981 млн-нан асқан. Оның ішінде Оңтүстік Кореяға 548 млн доллардың өнімі сатылса, елімізге 433 млн доллардың тауары жеткізіліпті. Жалпы Қазақстан негізінен мұнай шикізаты, қара металл, болат пен темірді экспорттаса, Корей елі бізге қазандық, көлік, құрал-жабдықтар мен түрлі аппараттарды жібереді. Көп бағытты ынтымақтастыққа Қазақстан серпін беруге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгінгі келіссөздер барысында Корея Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» принципі бойынша жұмыс істейтін технологиялар жеткізу жөнінде ұсыныс айтты. Менің ойымша, бұл – өте жақсы ұсыныс. Біз аталған жобаны жүзеге асырамыз. Оңтүстік Кореяның жасанды интеллектіге, роботты техникаға және биотехнологияға негізделген инновациялық агротехнологиясын енгізуге мүдделіміз. Біздің шаруалар тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.

Қазақстан таяу жылдары стратегиялық мақсатқа қол жеткізбек. Еліміз 2029 жылға дейін экономикаға 150 млрд доллар шетелдік инвестицияны тартуды көздеп отыр. Бұл межеге жету үшін Президент пәрменімен инвестициялық штаб құрылды. Кеңсе кореялық инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің бәсекеге қабілетті инвестициялық ортамыздың берік негізі саналады. Біздің аймақтағы бұл бірегей алаңда әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының артықшылықтары барынша ескерілген. Бүгінде АХҚО-да әлемнің ондаған елінен екі мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан 20-ға жуық компания бар. Біз қаржы технологиясы, IT, активтерді басқару және лизинг салаларында мұндай компаниялардың саны көбірек болғанын қалаймыз.

Кореямен сенімді серіктестік технологиялар трансфертіне жол ашады. Айталық, таяу жылдары әлемде сирек металдарға деген сұраныс 4 есе артады. Қазақстан бұл ретте тау-кен, металлургия саласында әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мұнай-газ саласына Оңтүстік Корея технологияларын толыққанды трансферт жасау, сондай-ақ заманауи құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндірісін жолға қою біз үшін маңызды. «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» секілді ірі мұнай-газ кен орындарында өндірісті кеңейтуге бағытталған жобалардың жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, мұның өзектілігі арта түседі.

Корея республикасының Президенті Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесі деп атады. Мақсат – экономикалық байланыстырды нығайту.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президенті:

- Біздің елдеріміз арасындағы дипломалиялық байланыс орнағаннан кейін әріптес байланыстарымыз беки түсті. Бүгінде Қазақстан – Кореяның Орталық Азиядағы ең басты серіктесі. Біз экономикалық ынтымақтығымызды нығайта түсуге мүдделіміз.

Бүгінде Қазақстан нарығында 700-ден астам оңтүстіккореялық компания жұмыс істйді. Бүгінгі форумда жаңа келісімдер бекіп, олардың қатары жаңа  инвесторлармен толықты.

Крис Ким, Samsung Medison аймақтық директоры:

- Samsung корпорациясы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен келісімге келіп отыр. Оның аясында Ультрадыбыстық жүйелерді Қазақстанда жасау жоспарланып отыр. Бұл жобаны жүзеге асыруды бастадық. Бұл ұзақ мерзімді келісім болғандықтан, компания инвестиция көлемін жылма-жыл арттыратын болады. Біз жаңа технолоияларға, мамандарды оқытуға инвестиция құятын боламыз.

Қос ел арасындағы келісімдер білім беру, экология салаларын да қамтиды. Енді қызылордалық студенттерде Сеул технологиялық университетеінің дипломын алуға мүмкіндік бар.

Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасанды интелектіні енгізу бойынша Қорқыт ата университеті Сеул университетімен өзінде бөлім ашып жұмыс жасап жатыр. Екінші бағыт – тұрмыстық қалдықтарды өңдеу және оны сұрыптау жүргізу үшін «ИэнСи» компаниясымен сол жобаны жүзеге асырып жатырмыз.

Қуандық Танабас, тілші:

- Іскерлік басқосуға биыл тек қана ірі компаниялар ғана емес, бизнес әлеміне енді келіп жатқан, бірақ үлкен үміт күттіретін Кореялық стартаптар да келіп отыр. Демек, олар өз кәсібін қазақ жерінде бастағылары келеді. Арнайы құрылған штаб шетелдік инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауға дайын. Ел Үкіметі тарапынан да бұл келісімдер заңдық тұрғыда кепіл алады.

Авторлары: Қуандық Танабас, Жандос Битабаров