Қ.Тоқаев: Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары

Шағын құрамдағы келіссөзден кейін Қазақстан мен Конго президенттері кеңейтілген құрамға ойысты, деп хабарлайды 24kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дени Сассу Нгессоның қазақ жеріне алғашқы сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Конгоны Африка құрлығындағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын жеткізіп, бір-бірімізден алыс орналасқанымызға қарамастан, байланысты бекіте беретінімізге тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазақстан мен Конго ынтымақтастығының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен, өндіріс пен инвестиция, жаңа технологиялар мен ғарышты игеру бағыттары бойынша екі ел арасындағы ықпалдастықты жандандыру қажет. Бүгінгі қол қойылатын құжаттар саяси және экономикалық ынтымақтастықты дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Осы ниетіміздің айғағы ретінде біз Конгоға Елші тағайындаймыз.

Дении Сассу Нгессо бұл шешімнің өзара ынтымақтастықты нығайта түсетінін айтты. Қос елдің президенттері сауда-экономика, энергетика, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру, тау-кен өндірісі және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударды. Келіссөз соңында Дени Сассу Нгессо Қасым-Жомарт Тоқаевты Конго еліне сапармен келуге шақырды. Ресми сапар аясында 10 құжатқа қол қойылды.

Дени Сассу-Нгессо, Конго Республикасының Президенті:

- Біз жүзеге асыруға келіскен жобалар бойынша екі ел үкіметтері бірқатар келісім әзірледі. Мұның екі елге де пайдалы болары сөзсіз. Кейінгі жылдары Қазақстан даму жолында зор табысқа жеткенін атап өткім келеді. Біз Сіздің еліңізбен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз.