Президент Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушыларды қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Президентке компания қызметінің нәтижелері мен шағын және орта бизнесті дамытуға арналған жаңа сервис құру жоспары баяндалды. Бүгінде 700 мыңға жуық отандық кәсіпкер өз бизнесін Kaspi.kz технологияларының көмегімен дамытып жатыр. Биылғы жарты жылың өзінде тауарлар мен қызметтер үшін 12 триллион теңге көлемінде қолма-қол ақшасыз төлем жасалып, 150 мың жеке кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленген онлайн-сервистердің көмегімен қазақстандықтар салықты мерзімінде төлеу мүмкіндігіне ие болды. Биыл аталған қызметтер арқылы бюджетке 1,1 триллион теңгеден астам салықтар мен төлемдер түскен. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетудің маңызды екенін атап өтіп, Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді.